Жаңалықтар

15.03.2017
Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты жиын

Аудандық мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада сөз бастаған аудан әкімі Мамырғали Аққағазов аналарды, әсем арулар мен қыз – келіншектерді, қарындастарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. – Қымбатты аналар мен апа –қарындастар! Жер дүниенің жаңаруымен оның сәні мен мәнін ашатын тамаша көктемнің мерекесінде Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, мықты денсаулық тілеймін! Әрқашан жүздеріңізден мейірім шуағы кетпесін. Ана жүрегіндегі қуаныш пен шаттық толы болсын, - деді аудан басшысы. Бұдан кейін М. Досқұлұлы көп балалалы ана Есенбаева Алма Жаныбекқызына «Күміс» алқа табыстап, марапаттады. Сонымен қатар, ауданда әр салада елеулі еңбек етіп жүрген түрлі маман иелері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
14.03.2017
Көрісу - жақсылықтың бастауы

Көктем айы басталысымен Батыс өңірі, оның ішінде байғаниндіктер де Наурыз мерекесін тойлауға дайындала бастайды. Жыл басын еліміздің, тіпті облысымыздың өзге өңірлері 22 наурызда атап өтуді құп көрер болса, қазақы қаймағы бұзылмаған Байғанин өңірі айдың 14-нші жұлдызы туысымен «Жыл құтты болсын!», «Жасың құтты болсын!» деп ақ тілегін ағытқан ауыл тұрғындары ерекше көңіл – күймен бірбірімен көрісе бастайды. Сол күні бәрі де таңмен таласа тұрып, үйді – үйді аралап, қол алысып көрісіп, игі тілек айтысады. Әр үйде наурыз көже асылып, дастархан жайылады. Бұл күні арнайылап қонақ шақырылмайды және дастархан жиылмайды дейді үлкендер. Қарттарға құрмет қай уақытта да ерекше ғой. Десе де, бұл күні үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем беріп, олардан бата алу ғанибет. Ал, балаларға тіптен қызық. Өйткені, ол күні олардың қолын тәттіден ешкім қақпайды. Сыйлық алып, сыйлық беріскен, наурыз көжеге тояттап, таң атысымен тек қана жақсы тілектер естіген адамның көңіл – күйі қайдан төмен болсын. Ал, көршілес Маңғыстау облысы Амал мерекесін тіпті ерек тойлайтыны белгілі.
13.03.2017
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – баршамызға ортақ іс

Елбасымыздың бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13 қадамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту,жаңа заңнамалар әзірлей отырып, жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жүргізілетін іс - шараларға арналған. Осы қадамды жүзеге асыру мақсатында 2016 жылдың 01 қаңтарынан бастап күшіне енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл заң сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізетін уәкілетті органдарға ғана емес, сонымен қатар барлық заңды және жеке тұлғаларға, қоғамдық ұйымдарға да қатысты болып, қолданылу аясы кеңейді. Енді бұл Заң әрқайсымызды сыбайлас жемқорлық іс - әрекеттеріне қарсы жүйелі түрде шаралар жүргізуді міндеттейді. Соның бірі және өзектісі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
10.03.2017
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

БЖЗҚ-ның әрбір 4-шы салымшысы электрондық хабарлау тәсілін таңдады
09.03.2017
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

2017 жылы БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу тәртібі мен мөлшері туралы
07.03.2017
Миргүл ұстаздың мерейі

Жуырда Мәскеу қаласында Халықаралық Экология, инженерия және Педагогика ғылымдар акдемиясының ұйымдастыруымен «Жаңа технология және педагогикалық практика» тақырыбында өткен ІІ Халықаралық ғылыми – практикалық конференцияға қатысып қайтқан Қ. Жазықов атындағы орта мектебінің жоғары санатты ұстазы, химия пәнінің мұғалімі Миргүл Дүсіпова екінші орынды иеленіп, жеңіспен оралды. Ел абыройын ақтап келген ұстаз Миргүл Уәлиқызын құттықтап, Мәскеуде өткен конференция барысын сұраған едік. Сонымен...
06.03.2017
ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН НӘЗІК ЖАНДЫЛАР

Әйел өмірдің мәні, тіршіліктің сәні дейміз. Өйткені олардың қазіргі қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Алайда, нәзік жанның болмысына тек қана үйдің бар тірлігі жарасымды деуге тағы болмас. Себебі, тепсе темір үзетін ерлермен тең жүріп, елінің қамы үшін тер төгіп жүрген қыз-келіншектеріміз де баршылық. Жүйткіген замана арғымағының жалына жармасып, оны еркіне көндіре білген мықты әйелдер бұрын да болған, қазір де жетіп артылады десек, шүбәңіз болмасын.
03.03.2017
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ

Әр мемлекет өзіндік құндылықтары мен мемлекеттік басқару тетіктерін анықтау, оны жүзеге асыру арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізе алады. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған нәтижелі реформалар жүргізіліп, жыл өткен сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы халыққа қызмет етудің сапасы жақсартылуда. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін толығымен айқындап беретін және қазақстандық патриотизм мен заңдылық, мемлекеттік қызметтің басым бағыттары белгіленген «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылы 23 шілдеде заң қабылданды. Қолданыстағы осы заң бүгінгі күнге дейін бірнеше рет өзгертіліп, толықтырулар енгізіліп, мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет қабылданған адамдарға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тәлімгерлер бекітілетін болды. Бұл тәлімгерлік жаңадан кірген мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәжірибелі мамандардың тарапынан тікелей қолдауға ие болатын және мемлекеттік қызметке жауапкершілікпен қарауға ықпал ететін шара екенін айтуға болады.
02.03.2017
Бозкілемдегі дарабоз ару

Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қыздарды самбо күресіне жаттықтыратын Жұлдыз есімді аруымыз бар. Бұл жерде жұмыс жасағанына 2 жылдай ғана уақыт болды. Мектепте бала кезден айналысқан спорт түрімен енді соңынан ерген сіңлілерін баулуда. «Палуандар мекеніне» айналған өңірдің бозкілемінде енді нәзік жандылар да атой салмақ. Күрес түрінен әуелі дзюдоның әліппесін үйренген Жұлдыз Әбдіғалиова Жарқамыстың тумасы. 10 жасар тұлымшағы желбіреген шымыр денелі қызды жаттықтырушысы Нұрлыбек Бурабай дұрыс тани білсе керек. Мектеп қабырғасында жүріп, мектебінің, ауылының, ауданның атын шығарып, абыройын көкке өрлетті. Жасынан бойынан бұла күштің бұлқынысы байқалған бойжеткен осылайша, спорт әлеміне, оның ішінде бозкілемдегі белдесулерге шындап бойлаған еді. Міне, осыдан кейін үнемі жаттығу, жарыстан жарыс, ауданнан облыс асып, облыстан республика асты. Айтпақшы, 2009 жылдан бастап, дзюдодан самбоға ауысты. Күрестің қай түрі болса да, оның белдесуге икемділігі, табандылығы жерге қаратқан жоқ. 2009 жылы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 40 келі салмақта бозкілемге шыққан еді. Аталмыш додада жасындай жарқырап, жеңімпаз атанды. Талабы таудай бойжеткен 2010 жылы самбодан әйелдер мен ерлер арасындағы Азия чемпионатында 44 келі салмақта өнер көрсетіп, тұғырдың екінші сатысына көтерілді.
01.03.2017
Алғыс айтылған күн

Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Биыл екінші рет аталып отырған мерекелік шара еліміздің түкпір - түкпірінде тойлануда. Аудандық музейде өткен «Алғыс – сөздің асылы!» атты әдеби – сазды кеш те сондай мерекелік шаралардың бірі. Кешке Б. Тәжібаев атындағы музыка мектебінің ұжымы мен Қарауылкелді орта мектебінің оқушылары және арнайы қонақтар қатысты. Мерекелік шараның шымылдығын Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н. Қолдасбаев алғыс сөзімен бастады. Одан әрі арнайы шақыртылған еңбек ардагері, кәсіпкер Ж.Ақбалжанова, ардагер ұстаз К. Сабырқызы, қолөнер шебері Р. Нұрымбетоваларға сөз беріліп, оқушыларға өмірлерінен көрген өнегелі істерімен, ғибратты әңгімелерінен сыр шертті. Күңіренген қобыз бен күмбірлеген домбыраның сүйемелдеуімен Б. Тәжібаев атындағы музыка мектебінің өнерпаздары мен оқытушылары жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Мерекелік шараның соңында музей басшысы Л. Жүзбайқызы келген қонақтарға алғысын айтып ұжым атынан кәделі сый тарту етті. Бұл күн мейірімділіктің, барлық қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болары анық.
28.02.2017
Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік

Елбасының биылғы дәстүрлі жолдауында қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру, әлауқатын күшейту, экономикамызды дамыту, қылмыстық және әкімшілік заңнамаларымызды ізгілендіруге көп көңіл бөлінген. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жоюдың маңыздылығын ерекше атап өткен. Құқықтық мемлекетте соттардың тәуелсіздігіне, судьялардың беделіне қатты мән беріледі. Жолдауда судьялардың жұмысына араласуға, ықпал жасауға жол бермеу туралы жазылғандығы да Конституциямызға сәйкес құқықтық, демократиялық мемлекет құрып жатырған біздің еліміздің дұрыс жолда келе жатырғандығымызды көрсетеді. Жаһан жүзіндегі небір алпауыт мемлекеттердің арасындағы қатал бәсекелестік заманында еліміздің туының шайқалмай, көкте желбіреп тұруының өзі оңай емес. Бұл үлкен жұмысты, қажыр-қайратты, ізденісті талап етеді. Олай болса еліміздің еңсесін жоғары көтеріп, мерейімізді үстем қылудың жауапкершілігі де орасан зор. Жолдау – осынысымен де бағалы, осынысымен де құнды.
27.02.2017
Жас маман ант қабылдады

Өткен сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызметкердің ант қабылдау салтанаты өтті. Оған мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты. Көктемнің шуақты мерекесімен тұспа тұс келген салттанатты рәсімде жас маман Айзат Арыстанқызы Абдуллаева аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімнің жетекші маманы етіп тағайындалған болатын. Жас маман Орал қаласы Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» мамандығын бітіріп шығып, туған жеріне қызмет етуге келген. Ол еліне адал қызмет етуге, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарауға ант етті. Жиын соңында аталмыш саланың алдыңғы буын өкілдері жас маманға жаңа қызметінде сәттілік тіледі.
23.02.2017
Мектепке дейінгі және қосымша білім беру қызметкерлерінің алғашқы спартакиадасы

Сәрсенбі күні Т. Жармағанбетов атындағы орта мектептің базасында қосымша білім беру және бала-бақша қызметкерлерінің I спартакиадасы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға 8 команда қатысып, бақтарын сынады. Жарыс спорттың тоғызқұмалақ, дойбы, және волейбол сынды түрлері бойынша өткізілді. Қосымша білім беру мамандары мен бала-бақша қызметкерлерінің спортқа деген белсенділігі жоғары екені байқалды. Спартакиаданың ашылу салтанатына аудан әкімі М. Аққағазов қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қоса жарыстың ашылу сәтіне БЖСМ директоры Н. Жанғалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы С. Досқұлов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы С. Дүсіпов қатысты. Жарыстың кезекті ойындары 21 ақпан күні түстен кейін басталып кеткен болатын. Сәрсенбі күні жалғасын тапқан командалық волейбол ойыны көпшіліктің делебесін қоздырды. «Рауан» және Қарауылкелді балалар бақшасы қызметкерлерінің арасында өткен ойын өте тартысты өтті.
22.02.2017
Жемқорлықтың жолын кесу парыз

Қазіргі таңда қоғамдағы кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық мәселесі. Аталған дертпен күресу арқылы жемқорлықтың жолын кесу әрбір азаматтың парызы. Бұл бағытта «Байғанин аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінде де жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мекемеде Байғанин ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын сәйкес жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда бөлім қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық тақырыбында жоспарлы шаралар, «дөңгелек үстелдер» өтіп тұрады, «сенім телефоны» жұмыс жасайды. Басқа да мүдделі мекемелермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тақырыпта біліктілікті арттыруға байланысты кеңестер өткізу, оны жоюға байланысты ұсыныстар, тәжірибе алмасулар, пікірталас жүргізу жүзеге асырылады. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізудің ашықтығын арттыру мақсатында бөлімде мемлекеттік сатып алу веб-портал арқылы жүргізілуде. Бөлім арқылы халыққа 20 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Өтініштер қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру қағаз түрінде, Мемлекеттік корпорация немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
21.02.2017
Санитарлық ереже қауіпті аурудың алдын алмақ

ӨТКЕН БЕЙСЕНБІДЕ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТАСЫНДА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР МЕН ҚАҒИДАЛАРДЫ ТҮСІНДІРУ МАҚСАТЫНДА ДАРА КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ЖИЫН ӨТТІ. АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ МҰРАТ ТАСИННІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН ЖИЫНҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ АУДАНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСШІСІ, АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ИБРАҺИМ ЕРМЕКБАЕВ, АУДАНДЫҚ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ЕРЛАН МҰРАТОВ ЖӘНЕ БАС МАМАН ЗӘМЗӘГҮЛ ДҮСІП, АУДАНДЫҚ СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ШАМҒОН ҚАРАБАЛИН ҚАТЫСТЫ.

Беттер