Тарих

БАЙҒАНИН АУДАНЫ1928 жылы жеке аудан болып құрылған, Ақтөбе облысының шет аймақтарының бірі. Жалпы жер көлемі 6 млн 104 мың гектар. Аудан орталығы – Қарауылкелді селосы облыс орталығынан 251 км жерде болса, ауданның алыс қоныстары өз орталығынан 400-500 км қашықтықта. Аудан солтүстік және солтүстік-шығысында облыстың Темір, Мұғалжар, Шалқар аудандарымен, батысында Ойыл ауданымен, оңтүстік-батысында Атырау және Маңғыстау облыстарымен, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Халқының саны 24 мың адамға жуықтайды.
ҚАРАУЫЛКЕЛДІ СЕЛОСЫ – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының және Қарауылкелді селолық округінің орталығы, ауыл. Қарауылкелді өзенінің сол жағалауында, Ақтөбе қаласынан оңтїстік-батысқа қарай 251 км жерде, теміржол станциясымен бірге орналасқан. Халқы 8,4 мыңға жуық.. Қарауылкелді селосының негізі ХХ ғасырдың 30-жылдарының аяғына таман Гурьев - Орск мұнай құбыры және Гурьев –
Қандыағаш темір жолы құрылысы кезінде қаланған. Алайда, кейбір мәліметтер бойынша қазіргі Қарауылкелді селосы орналасқан жерде ХХ ғасырдың 30-жылдарының басында Қарауылкелді колхозының да болғаны туралы деректер бар. Жалпы, ауылдың негізі қалануына темір жолдың және Гурьев – Орск мұнай құбырының тартылуы негізгі фактор болып табылады. Ауылдың алғашқы тұрғындары Гурьев – Орск мұнай құбырының қараушысы Орынов Төреханның отбасы болды. Қарауылкелді атауының шығуы туралы да толып жатқан аңыз, әңгімелер бар. Олардың басым көпшілігі мекен атауының қазақ-қалмақ соғысына байланыстылығына саяды. Демек, бұл ауылдың тарихы ХҮІІІ ғасырдан басталады деуге де негіз бар. Қарауылкелді селосы 1950-жылдарға дейін аудандағы шағын елді мекендердің бірі болды. Алайда, аудан үшін оның транспорттық маңызы зор болды, халық саны біртіндеп көбейе бастады. 1947 жылы мұнда жеті жылдық мектеп ашылды. Қарауылкелді тарихында 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны үлкен орын алады, сол кезеңде осында МТС (машина-трактор станциясы) құрылып, көптеген жұмысшы механизаторлар келіп, қоныстана бастады. Тұрғындар санының көбеюіне байланысты жаңа жұмыс орындары ашылды, Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы жетіжылдық мектеп орта мектепке айналды, ауылда үлкен машина жөндеу шеберханасы жұмыс істеді, Қарауылкелді ауылы аудандағы шын мәніндегі екінші орталыққа айналды, клуб, кітапхана, дүкендер, асхана, монша, басқа да тұрмыстық, сауда объектілері салынды, бұл кезде ауылды түрлі ұлт өкілдері мекендеді. 1964 жылы 31 декабрьдегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Байғанин ауданы қайта құрылғанда оның орталығы болып Қарауылкелді поселкесі (ол кезде осылай аталды) белгіленді. Бұл Қарауылкелді селосының елді мекен ретінде өсіп, дамуына жағдай жасады. Тұрғындардың саны көбейді, көптеген құрылыстар жүріп, үйлер салынды, ауылдың бас жоспары жасалып, сәнді ғимараттар бой көтерді. 70-жылдары Ақтөбе – Қарауылкелді автомобиль жолы жақсартылды, Ақтөбе, Жарқамыс, Оймауыт, Дияр ауылдарына самолет қатынады. 1970 жылы Қарауылкелді селосының тұрғындары телевизия хабарларын көре бастады. Бұл кезде аудан орталығында тұрмыстық қамту комбинаты, наубайхана, мұнай барлау экспедициясының бөлімшесі, баспахана, кірпіш зауыты, басқа да өндіріс орындары жұмыс істеді, ресторан, кафе сияқты сауда орындары ашылды, аудандық мәдениет үйі мен кинотеатрларда түрлі мәдени-көпшілік шаралары жүзеге асырылды, балалардың ойын алаңдары, каток, хоккей коробкалары жасалды. Қарауылкелді селосы орналасуы бойынша бірнеше секторларға (Майтүбек, Бармақ батыр, Темір жол станциясы, Совхоз, Жағалау, Орталық, Аэропорт, т.б.) бөлінеді.
1965 жылға дейін ауыл үйлері ретсіз салынған, ал одан бері құрылыс бас жоспар бойынша жүргізілді. Ауылда архитектуралық жағынан құнды болып табылатын объектілер жоқ, ең көне ғимараттарға Қарауылкелді станциясы вокзалы, су айдау мұнарасы, №14 кәсіптік лицей үйлері жатады. Қазір Қарауылкелді селосында бірнеше шаруа қожалықтары, 3 жалпы білім беретін орта мектептер, кәсіптік мектеп, спорт және музыка мектептері, мәдениет үйі, кітапханалар, мұражай, стадион, орталық аурухана, базар, байланыс, транспорт, коммерциялық мекемелер, шағын шеберханалар бар. Қарауылкелді селосы 4 бағдарлама бойынша телехабарлары мен қазақ радиосының хабарларын қабылдайды, ТМД мен Қазақстан қалаларымен темір жол қатынасы, ауылдармен автомобиль қатынасы бар.