Жағырапия

Байғанин ауданы – 1928 жылы жеке аудан болып құрылған, Ақтөбе облысының шет аймақтарының бірі. Байғанин ауданы Ақтөбе облысының оңтүстік-батысындағы әкімшілік территориялық аумақ. Территориясы - 61,04 мың шаршы километр, халқы 24652 адам (1999 ж. халық санағы бойынша). Орталығы - Қарауылкелді ауылы. Байғанин ауданының территориясы солтүстігінде Темір, солтүстік-шығысында Мұғалжар, шығысында Шалқар аудандарымен (Ақтөбе облысы), солтүстік-батысында Ақтөбе облысының Ойыл, Атырау облысының Қызылқоға, Жылой аудандарымен, оңтүстігінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен, Қарақалпақстанмен шекараласады. Аудан облыс территориясының бестен бірін, яғни 20,3 пайызын, ал республика территориясының 2,19 пайызын алып жатыр. Ауданның негізгі территориясы шөлейт (солтүстігі) және шөл зоналарында (оңтүстігі) орналасқан. Аудан әкімшілік-территориялық бөлінуі бойынша 9 селолық округқа бөлінеді.
Топырақ зонасы бойынша аудан үш аймаққа бөлінеді. Солтүстік аймақ, яғни Қарауылкелді, ішінара Ащы, Көлтабан селолық округтерінің жері ашық-қоңыр топырақты зонаға жатады. Орталық аймақ, яғни құба топырақты шағын зонаға кіреді. Ауданның климаты шұғыл континеталды, құрғақ болып келеді, қысы суық, жазы ыстық. Қаңтар айының орташа температурасы -16,5 градус, шілде айының орташа температурасы +22 градус.