Мәдениет

Жем, Сағыз өңірі халқының ежелгі замандардан қалыптасқан мәдениеті, өнері, өзіндік ерекшеліктерге толы сән-салтанаты, салт дәстүрлері болды, заман ағымына орай бұларда тоқтаусыз өсіп, өркендеп, жаңарып, жаңғырып отырды, мәдениет те, өнер де, әдебиет те жылдар өте түр жағынан да, мазмұн жағынан да өзгерістерге ұшырады, бұл әрине өмір заңдылығы.
Аудан территориясын мекендеген халықтың қолданбалы өнері басқа жақты мекендеген қай-қай жұрттыкінен де кем болмаған. Ағаш пен темірден түйін түйіп, жез қақтап, күміс құйған зергерлерде бұл өңірде көптеп ұшырасқан. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан бері қарай ауданнан кәсіби суретшілер шыға бастады. Бейнелеу өнерінің тақырыптық аясы кеңейе түсті. Гобеленші Рысты Әбшекенова өнердің осы жанры бойынша республикаға танымал суретшілер қатарында. Сондай-ақ Байғаниндік кәсіпқой суретші Нұрқасымов Сағынбай да республикаға белгілі өнер тарланы. Бейнелеу өнері саласын аудан өңірінде дамытуға Нұрқасымов Алтай, Нұрқасымов Қаржаубай, Тойғұлов Темір, Жетпісбаев Аян, Қайдасов Айдар, Сақтағалиев Тұрлан, Мұқашев Бек және басқалары үлес қосып келеді, бұлар мектептерде суретті түсіне білетін және бейнелеу өнеріне бейім шәкірттерді тәрбиелеуде.
Әншілік өнері Жем-Сағыз өңірінде ерте кезден-ақ дамыған. Ел көшінің сәні болған ән өнерінен қалыс қалған қыз-келіншек, жігіт желең болмады деу де шындықтан қашық емес. Дегенімен көптеген әншілердің есімдері ұмытылған. 1970-1980 жылдары әншілік өнері жаңа белеске көшті, енді домбырамен және баян, аккардионмен қосылып айтушылар қатарына оркестр, джаз ансамблі сүйемелдеуімен орындаушы әншілер қосылды. Аудандық мәдениет үйінде қыздардың "Аққулар" вокалдық ансамблі (жетекшісі Сисенбаев И.) құрылды. Аудан әншілері Ибрагимова Сара, Қолдасбаев Нұраділ, Бегайдаров Нұрлан т.б. облыс сахналарында көрермендер сүйіспеншілігіне бөленді.
Күйшілік дәстүрі аудан территориясын мекендеген халық арасында өте ертеден қалыптасып және ұрапқтан ұрпаққа жетіп отырды. Жем-Сағыз өңіріне ежелден ақ Абыл, Қошқар, Еспай, Кәуен, Арыстан, Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей есімі таныс болды, бұлар осы далада болып, өнерін көрсеткен күйші сазгерлер. Демек күй өнерінің осы төңіректе басқа жанрларға қарағанда ертерек дамуы заңды құбылыс болып табылады.
1953 жылы аудандық Мәдениет Үйі жанында домбырашылар ансамблі құрылып, кейін ол Қазнғап атындағы халық оркестрі атанған өнер ұжымына айналды. Бұл кезеңде күй өнерінің дамуына Төлеуов Мырзағали, Жұбаниязов Тапан, Ермекбаев Оңдаш, Тәжіғұлов Жолдыбай, Ермекбаев Асқар, Мұқанова Мәдина, Оразов Шотанбай, Дүзбаев Сансызбай, Қарасаев Тыныштық, Қалданғалиев Бақтыгерей, т.б. үлес қосты. Қазіргі таңда аудан тұрғындарына мәдени қызмет көрсету ісімен 20 кітапхана, 15 клуб мекемесі, 2 халықтық өнер ұжымы қызмет көрсетеді. Аудан орталығында мұражай ашылған, онда аудан өмірін, оның тарихын баяндайтын жәдігерлер жинақталуда. Аудан тұрғындарына 93 көркемөнерпаздар үйірмелеріне біріккен 840-тан астам өнерпаздар қызмет етеді. Ал мәдениет мекемелерінде 100-ге жуық адам еңбек етеді.