Спорт

Көшпелі елдер мекен еткен Жем-Сағыз, Үстірт өңірлерінің халқы ежелден ақ дене тәрбиесін қалыс қалдырмаған деуге болады. Әдейілеп, ертеңгі жаттығу, отырып, тұру, жүгіру, гантель көтеру сияқыты бүгінгі күннің машықтарымен айналыспаса да, халықтың таң атқаннан күн батқанға дейінгі тіршілік, қозғалысында дене тәрбиесі талап ететін элементтердің үздіксіз орындалып жатқаны сөзсіз. Сондықтан дене тәрбиесін ұлтымыздың етене қасиеттерінің бірі деп санауға болады.
Аудан құрылғаннан кейін жалпы білім беретін жетіжылдық және орта мектептерде дене тәрбиесі пәні жүйелі жүргізіліп, дене шынықтыру сабақтары жүргізілді, барлық мектептерде таңертеңгі жаттығу жұмысын жасау міндеттелді. 1970 жылы Байғанин ауданының орталығында балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі ашылып, онда күрес, жеңіл атлетика, волейбол, бокс секциялары құрылып, аудан орталғындағы мектептер мен кәсіптік - техникалық училищенің оқушылары қамтылды. Бұл мектеп көптеген спорт саңылақтарын дайындап шығарды. Жалпы спорттың ішінде Байғанин ауданында күрес өнері айрықша дамыды. Спорттың бұл саласында ауданның көптеген азаматтары жоғарғы табыстарға жетті.
Ауданда алғаш КСРО спорт шеберінің нормативін орындаған палуандар Ізбасаров Жұмаш пен Жәленов Кәдірбек болды. Ізбасаров Ж. КСРО чемпионы, Жәленов К. Қазақ КСР чемпионы атақтарын алды. Сондай-ақ еркін күрес бойынша КСРО спорт шебері Назарғалиев Максим мен спорт шеберлігіне кандидат Төлешов Рүстем де Қазақ КСР чемпионы атағын жеңіп алды. Күрестің осы түрінен Құлжанов Мұхтар, Жаниязов Нұржауған, Адаев Әнуар, Шоқатов Еділ, Қалиев Луис, Шәудірбаев Есбол әлем чемпионаттарына қатысты. Күреспен қатар ауданда жүгіру, эстафета, спорттық бесайыс, көпсайыс, биіктікке секіру т.б. түрлері дами бастады. 1980 жылдардың аяғында балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде тоғызқұмалақ секциясы ашылып, ұлттық спорттың осы түрін үйренушілер қатары көбейе түсті. 1960 жылдан кейін ауданда тұрақты түрде шахматтан жарыстар өткізіле бастады.
Дене тәрбиесі мен спорттың аудандағы материалдық базасы да нығайып келеді. Ауданның 10 орта мектебінде жақсы жабдықталған спорт залдары бар. Спорт мектебі жанында үлкен стадион (5000 адам сиятын трибуналары, футбол алаңы, жүгіру жолдары бар), хоккей алаңы, мұз айдыны салынды. Жалпы білім беретін мектептерде, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде түрлі спорт инвентарлары жинақталды.