Әкім жастармен кездесті

Аудандық мәдениет үйінде жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Сенде бір кірпіш дүниеге...» атты аудан әкімі М. Аққағазовтың қатысуымен жоғары сынып оқушыларымен кездесу өтті. Жастар ресурстық орталықтың басшысы С. Базаралықызы өткен жылда жастармен атқарылған жұмыс жөнінде баяндап өтті. Аудан әкімі аудандағы жастардың қоғамдық жұмыстар мен өнер, спорт саласын дағы белсенділік пен алға қойған мақсаттарының жоғары деңгейде екенін сөз етті. Аудан халқының 28 пайызын жастар құрайды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә. Жеткізгенов жастардың алдында сөз сөйлеп, ауданға жетіспей тұрған мамандықтар жөнінде қысқаша шолу жасады. Алдағы уақытта осы олқылықтардың алдын алу үшін жетіспес мамандықтарды жүйелі оқып, жақсы маман болып қалыптасып шығуларына ниет танытты. Аудан әкімі М. Досқұлұлы қазіргі таңда Корей мемлекетінде оқып жатқан ауылымыздың түлегі Н. Алтыбайды жастарымызға үлгі етіп көрсетті. Сондай – ақ, ол өткен жылы облыста «Жыл адамы» атағын иемденген болатын. Сонымен қатар биылғы түліктерге Ұлттық тестілеу орталығының 101 филиал жетекшісі Д. Тоғжанова ҰБТ жөнінде ақпаратты егжей – тегжейлі түсіндіріп өтті. Бүгінгі таңда көптеген жас мамандар оқуларын үздік аяқтап, мамандықтарын жетік меңгеріп әр салада қызмет атқаруда. «Мамандығым –мақтанышым» тақырыбы бойынша жас мамандар атқарып жатқан жұмыстары турасында оқушы жасөспірімдерге өздерінің қаланып келе жатырған өмірлерінен қысқаша әңгімелер баяндап берді. Олардың қатарында Сағыз орта мектебінің физика пәні мұғалімі А. Қыдырбаева, аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Б. Сарина болды. Жиын соңында оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өздеріне керекті мәлеметтерге қанық болды.
Асылбек АСҚАРҰЛЫ