Кәсіпкерлікті өркендету күн тәртібінен түспейді

Елбасы нарықтық экономиканың арқауы саналатын шағын және орта бизнесті дамытуға әркез айырықша маңыз беріп келеді. Осы орайда біздің ауданда да кәсіпкерлікті өркендету – күн тәртібіндегі өзекті мәселе саналады. Өткен аптада кәсіпкерлік палатаның аудандық филиалының ұйымдастыруымен ауыл кәсіпкерлерінің басын қосқан жиын өтті. Кәсіпкерлік саласындағы биылғы өзгешеліктер мен ерекшеліктерді түсіндіруді мақсат тұтқан жиында аудандық филиал директоры Мұрат Тасин басқосудың басты мақсатын түсіндіріп, ауыл бизнесін дамыту үшін қандай шараларды қолға алу керектігіне тоқталды. Басты мақсат кәсіпкерлікті өркендетуге қолайлы ахуал қалыптастыру екені белгілі. Осыған орай, аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жаңабай Ержанов мемлекеттік бағдарламалар бойынша облыс үлесіндегі қаржының аудандарға тиесілі тұсын айта келіп, кәсіптің әсіресе қызмет көрсету түрлеріне басымдық берілетінін айтып өтті. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы бойынша биылғы жылдың ерекшеліктеріне тоқталды. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жандәурен Қойшыбаев та салық саласындағы жаңалықтармен таныстырып, кәсіпкерлерді құлақтандырды. Аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов өз кезегінде заңға сай санитарлық талаптардың қадағалануы жөнінде түсіндірді. Бұл салада етектен тартқан мәселелер де жоқ емес. Мамандардың айтуынша, бизнесті дамытуға қолбайлау болатын мәселелерді дер кезінде шешіп алса, кәсіпкерлердің ісін алға жылжытуға еш кедергі жоқ. Бар мәселе заң аясында, нақты талап бойынша жүзеге асса, сақтық шараларының толық орындалатындығымен түсіндіреді. Мысалы кәсіптік нысанға арналған ғимарат салынбас бұрын оның жобасы жасалып, тиісті мамандармен талқыланған жағдайда ешқандай кедергі болмайтындығын түсіндірді. Санитарлық норманың сақталуын жіті қадағалайтын аталмыш басқарманың бас маманы Зәмзәгүл Дүсіп кез – келген өнімнің талапқа сай сертификаты болуы керектігін қадап айтты. Өзімізден өндірілетін тағамдардың қаптамасы талапқа сай болуы керектігі де сөз болды. Ал, жер қатынастары жөніндегі талаптарға тоқталған Дәулетияр Әуелбаев ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің жарияланған мораторийге байланысты тек жалға беріліп жатқандығын, пайдаланылмай тұрған жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылатындығын және жаңадан пайдалануға жер алудың заңдылықтарын айтып өтті. Аудандық прокуратураның прокуроры Қайыржан Биманов кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында құрылған мобильдік топтың жұмыс жасайтындығын, іскерлерге ондағы сенім телефоны арқылы өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік бар екенін еске салды. Кәсіп нәсіпке айналса, елге де құт. Ел экономикасының дамуына да ықпал етіп, сондай-ақ халықтың әлеуметтік ахуалының айтарлықтай жақсаруына сеп болады. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытуға тосқауыл болып отырған мәселелерді дер уақытында шешу маңызды. Жиынға қатысушылардың ортақ пікірі осыған саяды. Бірақ мемлекет қолдауына қарамастан бизнесмендер белсенділігі көңіл көншітпейді. Оған себеп те жоқ емес. Мемлекеттік қолдауларды жүзеге асыру жолдары, түсіндіру тұстары әлі де кемшін.
Бақытгүл БОРАНБАЕВА