Жасалған жұмыстар жеткілікті. Жасалатындар да жетіп артылады

ОСЫ АПТАДА ҚАРАУЫЛКЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРНАЗАР ҚАЛИЕВ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ. ЕСЕПТІК ЖИЫНҒА АУДАН ӘКІМІ МАМЫРҒАЛИ АҚҚАҒАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АСХАТ КӨБЕНОВ ЖӘНЕ БІРҚАТАР БӨЛІМ, МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ. НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ ӨТКЕН ЖЫЛЫ АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР МЕН ОСЫ ЖЫЛДА ЖАСАЛАТЫН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫНДА БОЛДЫ.
Тарих қойнауына енген өткен жылға көз жүгірткен ауыл әкімі Ерназар Әңгерейұлы көптеген күрделі мәселелердің өзіне мәлім екенін, десе де, барлығының бірдей шешімінің табылуы қаражатқа келіп тірелетіндігін айтты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тізгін ұстаған ел ағалары осы сөз тіркесін жиі қолданатын еді. Десе де, кейбір әкімдердің аузынан бұл сөз тіркесі әлі түсер емес. Хош, сонымен...
Аудан орталығы саналатын Қарауылкелді ауылының ауылшаруашылығы жайы алдымен айтылды. Әкімнің есебі бойынша, ауылда 8925 ірі қара, 24736 қой-ешкі, 745 жылқы, 120 түйе бар. Жазғы мезгілде жеке бағымдағы малдарды бағу 9 жерде ұйымдастырылған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Жиес» шаруа қожалығы 1745, 0 мың теңгеге 9 бас ірі қара алса, «Құлан» бағдарламасы бойынша «Мерей и К» ЖШС-і 21075,0 мың теңгеге 65 бас бие, 8 айғыр әкеліпті. «Ал
тын асық» бағдарламасы бойынша, «Жанұя» шқ 3 360,0 мың теңгеге 125 қой, 10 қошқар алған. Ал, «Эльбрус» шаруашылығы өз қаражатына «ҚазАгро» бағдарламасымен лизинг арқылы техникаға қол жеткізген. Қарауылкелді ауылдық округі бойынша, 44 шаруашылық құрылымы және 3 ЖШС-і тіркелген. Аудан орталығында 49 азық – түлік дүкені, 6 кафе, 5 шаштараз, 1 сән салоны бар. Сондайақ, 6 дөңгелек жөндейтін, 6 көлік жуатын, 3 терезе жасайтын, 3 жанармай бекеті, 2 құйма газ бекеті, 2 аяқ киім жөндейтін, 3 тігін цехы, 4 тойхана, 4 дәріхана, 1 малдәрігерлік дәріхана, 1 мал сою пункті, 3 наубайхана, 2 жиһаз цехы, 3 фотосалон, 2 тіс емханасы бар. Қызмет көрсету түрлерінің тағы да басқа түрлерімен қоса, ұсақ – түйек сауда саттықпен 237 ауыл тұрғыны айналысады екен. Темір жол вокзалы мен аудандық аурухана аралығында ауылішілік автобус қатынайтыны белгілі. Сондайақ, облыс орталығына қатынайтын такси қызметіне де тұрғындар үйренісіп алды. Такси көліктерінің барлығы дерлік газбен жүруге көшіп алса да, жанар май бағасы қымбаттаған сайын, жол ақысы да аспандап барады. Уақыт үнемдеуді ойлайтын жолаушылар көбіне осы қатынас құралын таңдап тұрғасын, такси қызметінің бағасына назар аудармауға тырысады. Ал, ауыл ішілік қатынас құралының аздық ететінін, әлі де маршруттық бағытты молайту қажеттігін айтқан аудан әкімі ауыл әкіміне ескертпе жасады.
Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің де дамуы ауыз толтырып айтарлықтай еместігін аңғартты. Әсіресе, шаруалардың ауылшаруашылық бағдарламаларына қатысуы көңіл көншітпейтінін бағамдау қиын емес. Мамырғали Досқұлұлының айтуынша, ауылда ұсақ – түйек алып – сатарлардың саны көп болғанымен, қандай да бір өнім өндірушілердің қатары жоқтың қасы. Аудан басшысы әсіресе жылыжай және дәстүрлі емес ауылшаруашылығының түрлерін көбейту керектігін баса айтты. Ал, ата кәсіп ешқашан тұраламауы керектігі айтпаса да түсінікті. Ауыл әкімінің есебінде жылыжай салуға ниетті бір тұрғынның құжат жұмыстарымен айналысып жатқаны мәлім болды. Сондай-ақ, 3 шаруаның құс және қоян шаруашылығымен айналысып жатқанын айтты. Бұл кәсіп түрімен айналысып жатқандар жабық кәсіпорындармен келісім – шарт жасасуға ниетті екендіктері де нақтыланды. Өткен жылы атқарылған істер тізбесінде ауыл көшелеріне 2 камералы бейне бақылау жүйесі орнатылғаны, 2 балалар ойын алаңы ашылғаны келтірілді. Сондай-ақ, ауыл көшелеріне 4 арка орнатылғаны айтылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында сондай-ақ, бағаналарға жарықшамдар ілінген. Әкімнің баяндамасында айтылғандай, жергілікті өзін – өзі басқару шотынан көше жарығына 6800, 0 теңге жұмсалыпты. 165 жол белгілеріне 1003, 0 мың теңге, орталық көшеге орнатылған «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған» композицияға 700, 0 мың теңге, ал стеллаға 747, 0 мың теңге қаралып, тиісті межесіне жұмсалған. Асау батыр көшесіндегі ұзындығы 875 метрді құрайтын жаяу жүргінші жолына 10 879 426 теңге игеріліпті. Өткен жылдың есепті кездесуінде Бармақ батыр көшесінің тұрғындары көшені асфальттау, ауызсу тарту және жарықтандыру мәселесін көтергендіктен, ауыл басшысы мәселені тұрғындардың пайдасына шешіп жатқандығын жеткізді. Аталмыш көшеге 1197 метр асфальт жабындысы төселіп, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша, жергілікті бюджеттен 77 830,0 мың теңге қаралып, тұрғындарға су құбыры тартылды. Ал, көшені жарықтандыру мәселесі биылғы жылы оң шешімін таппақ. Денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларындағы жасалған, жасала да беретін жұмыстарды тізбелеген баяндамашы округті абаттандыру мәселесіне де тоқталды. Ауылды жасыл желекке айналдыру мақсатында дерек бойынша, көшелерге 135 түп қарағай, 150 терек, 770 қара ағаш, 120 жиде тал отырғызылған. Абаттандыру және тазалық жұмыстарына «Жасыл ел» жасағы да жұмылдырылғаны тілге тиек болды. Десе де, аталмыш жасақ мүшелері жаз бойына негізінен тротуардың бордюрын әктегеннен әрі аса алмағанын көз көрді. Жасақты жарақтандырып, оларды қадағалаушылардың тарапынан талаптың пәрмені дәрменсіз болғаны байқалды. Беттерін тұмшалап, құлақтарын тығындап, көлеңке мен уай-фай қуалап жүретін жастардың ауылдың тазалық мәселесінде көңіл көншітпегені көрер көзге көрініп – ақ тұрды. Жастарды еңбексүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылған мемлекеттік бағдарламаның діттеген мақсатына жетпегенін аңғару қиын емес. Сондықтан, жастарды жұмсайтын жастардың орталығына «үлкендердің» көз қыры қажет - ақ. Әлеуметтің әлеуеті жөнінде сөз қозғалғанда, мешін жылы округте 236 нәресте дүниеге келгені мәлім болды. Ал, 72 адам өмірден өткен. Сондай-ақ, 71 неке тіркеліпті. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша, 28 адам мемлекеттен 73, 500 мың теңге қаражат алған. Оның ішінде 18 адам жеке ісін ашуды көздесе, 10 адам кеңейтуді жоспарлапты. Малшаруашылығы, сүт өнімдерін өңдеу және құс шаруашылығын жолға қоюды діттегендер мемлекет көмегін пайдалануда. Сондай-ақ, ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы курс оқығандар, қайта даярлаудан өткендер бар. 7 адам көгалдандырушы, 3 адам қазандық операторы, 1 адам аспазшы, 1 адам даяшы мамандықтары бойынша білім жетілдірген. Және де 8 ауыл тұрғыны тазалықшы – ветеринар мамандығы бойынша кәсіптік білім игерген. Өткен жылы атқарылған істерін тәмамдап, биылғы жылы атқарылатын істеріне тоқталғанда, Е.Қалиев жарықтандырылмаған ауыл көшелері мен Қосарал, Көкбұлақ елдімекендерінің көшелерін жарықтандыру, ауылішілік көшелерді асфальттау, сондай-ақ, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жалғастыратындығын айтты. Өз кезегінде сөз алған ауыл тұрғындары соңғы жылдары аудан орталығының хал – ахуалы, әлеуметтің әлеуеті жақсарып келе жатқандығын сөз етті. Десе де, шешілуі тиіс, кезек күттірмейтін мәселелердің де жоқ еместігін ұғындырды. Тазалық мәдениеті, қоғамдық тәртіп мәселесі, су, газ құбырлары үшін тартылатын құбырларды жүргізу барысында қазылған жерлердің тегістелмейтіндігі тілге тиек болды. Жергілікті билік өкілдері мен ауыл тұрғындарының пікірі бір жерге тоғысты. Жасалған жұмыстар бар. Жалғасын таба да береді. Дегенмен, ұйымдастыру жұмыстарында әлі де олқылықтар бар екені ойсырайып тұрды. Мысалы, абаттандыру жұмыстары әлі де көптің көңілінен шығар емес. Себебі, соңғы жылдары жасыл белдеуге айналарлықтайақ, тал егіліп келеді. Дегенмен, баптау, ұқсату жұмыстарындағы дәрменсіздіктің салдарынан қазына қаржысы құмға сіңуде. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мамырғали Досқұлұлы көгалдандыру жұмыстарын көркейтуге пәрмен берді. Себебі, Қарауылкелді ауылдық округі аудан орталығы болғандықтан, көркімен де көз тартуы тиіс деп түсіндірді. Сондай-ақ, жаз мезгіліндегі төрт түліктің көше кезіп жүруі де, айта – айта жауыр болған мәселе. Аудан басшысының пайымдауынша, ауылда тек сауын малы ғана қалып, бойдақ малдар ауыл сыртында, жайылымдарда бағылуы тиіс. Бұл тек ауыл сәні үшін ғана емес, түліктің қоңдылығы үшін де қажет дейді әкім. Бақша егу жұмыстарында да, бар мүмкіншілік пайдаланылмау салдарынан тұрғындардың жергілікті дақылдармен қамтылмай жатқаны белгілі. Сондықтан, кәсіптің әсіресе өнім өндіруді мақсат тұтатын салаларына аса ден қою қажеттілігі айтылды. – Аула клубтары бар. Десе де, олардың жұмысы әлі де жанданбай тұр, - деген М.Аққағазов әр саладағы олқы тұстардың біразын орағытты. Тазалық мәселесінен бастап, қай іс те тиімді ұйымдастырылмаса, «битке өкпелеп, тонды отқа жағуға болмайтыны» жасырын емес. Сондай-ақ, үлкендер тарапынан да бағыт – бағдар мен ақыл кеңестің артықтық етпейтіндігін елеген аудан әкімі әлде ортақ мүддеде белсенділігі төмен, әлде бір шақыруы кем болған қарауылкелділіктердің намысын жануға тырысты.
Бақытгүл БОРАНБАЕВА