САЙЛАУШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесі мол Мұхтар Сабырұлы толғақты мәселелелер бақылауға алынатындығын жеткізді. М.Жұмағазиев әсіресе ауылшаруашылық саласының бүге – шүгесіне тоқталды. Саланың ауылдағы ағайынға тиімді, бағдарламалардың қолжетімді болуына, кейбір тұстарын жетілдіруге жұмыстанатындығын жеткізді. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, суармалы жерлерді іске қосып, жергілікті бақша өнімдерін өндіру жолдарын баяндады. Әсіресе жылыжай кешендерінің тиімді тұстарына тоқталды. Бұл жұмыстар жолға қойылған жағдайда, азық – түлік бағасының төмендеуіне де сеп болатындығы белгілі. Суармалы егінге жұмсалар шығынның қомақты болуына байланысты гектарлық субсидия енгізуді жолға қою керектігін де айтты. Дамыған елдердің технологиясын тиімді пайдалану, ауылшаруашылық саласы қарқынды дамыған Голландия, Австралия, Канада секілді елдердің технологиясын кәдеге жарату, сондай-ақ, бұл саланы ғылыми тұрғыда дамыту арқылы тиімділігін арттыру қажеттігін тәптіштеді. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарында ғылыми тәсілдемененің тиімділігін баяндады. Оның пайымдауынша, Ғылыми зерттеу институттарын өмірге әкелу заман талабы. Салықтық тетікті іске қосу қажеттілігі де назардан тыс қалмады. Әлеуметтік саланың түйткілді тұстары да үміткердің бағдарламасының өзекті тұсы болды. Еліміздегі толғақты мәселелердің бірі дәрі – дәрмек бағасының қымбаттығы. Түйінді фармацевтикалық зауыттар ашу арқылы шешуге болатындығын білдірген кандидат, демографиялық ахуал, ана мен балаға қамқорлық, ауыл мен қала тұрғындарының зейнетке шығуы секілді мәселелер назардан тыс қалмай, қайта олқы тұстарын жетілдіріп отыру қажет деп түйді. Аудандық мәслихат депутаты Еркін Ілиясов өзі қызмет атқаратын байланыс саласында қала мен ауыл мамандарының еңбекақы төленуінде бірізділік жоқ екенін, сондай-ақ, азық – түлік бағасын бақылау тетіктерін іске қосу керектігін сөз етті. Халық қалаулысы Бауыржан Тәжімұратов шетелдік банктерді біздің еліміздің нарығына кіргізу қажеттігін, нәтижесінде өсім пайызы төмен болатындығын тілге тиек етті. Мұхтар Сабырұлы Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше еліміздің бұл жолда жасалып жатқан қадамдарына тоқталды. Айта кету керек, ҚР Парламент Сенаты депутаттарын сайлау маусымның 28-інде өтеді. Оларды мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Сенатордың өкілеттігі 6 жыл болмақ. Ақтөбе облысының сайлау комиссиясына 5 үміткерден өтініш түскені белгілі. Дегенмен, құжаттарын толық тапсырған 3 кандидат қана тіркелген болатын. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мамырғали Аққағазов, «Азық - түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің директоры Әділбек Ділжанов бар.
Бақытгүл БОРАНБАЕВА