ҰБТ: Аудан бойынша жоғарғы балл – 132

Биыл ауданның 200 түлегі ҰБТ сынағын тапсырды. Жаңа форматта сынақ тапсырған түлектердің қатысымы 68 пайызды көрсетіп отыр. Орташа балл көрсеткіші – 87,4 баллды құрады. Бұл көрсеткіш былтыр – 82,6 балл бол- са, 2015 жылы – 76,9 болған еді. Аудан бойынша, ең төменгі – 20 баллды Қарауылкелді орта мектебінің түлегі жинаған.
Өткен 2016, 2015 жылдары тестке қатысым 63, 63,1 пайызды құрап, былтыр 27 бала, алдыңғы жылы 20 оқушы тиісті шектік баллды жинай алмаған еді. Ал, биылғы сынақ нәтижесі бойынша 14 түлек 50 баллдан төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Ал, 7 бала шығармашылық емтихан тапсыратындықтан тек 2 пәннен ғана сынақтан өтті. Аудан бойынша ең жоғарғы 132 баллды алған «Алтын белгі» иегері Темірлан Байшүкіров Т.Жармағамбетов атындағы орта мектептің түлегі. Еске сала кетейік, биылғы оқу жылында 20 түлек «Алтын белгі» иегері атанған еді. Дегенмен, олардың 12-сі ғана 100-ден жоғары балл жинаған. 64 баллға ғана қол жеткізген «Алтын белгі» иегерлері де бар. Ал, шығармашылық емтихан тапсыруға талаптанған талапкерлер 40 балл жинау керек болса, бас – аяғы 2 пәннен сынақ тапсырып, 18 балл жинаған талапкерлер де бар. Дегенмен, 60 пайыздан төмен балл жинаған мектеп жоқ дейді, аудандық білім бөлімінің мамандары. Бөлімнің дерегіне жүгінсек, 5 мектептің орта балл көрсеткіші 90 пайыздан жоғары. Т.Жармағанбетов атындағы орта мектеп 102,7 баллмен көш бастаса, №2 Қарауылкелді орта мектебі 99,9 орта балымен ерекшеленген. Үздік үштікке іліккен Қ.Жазықов атындағы орта мектеп 96,1 балды иемденген. Сондай-ақ, Қаражар, Қарауылкелді орта мектептерінің де орта баллы 90-нан жоғары. Биылғы 73 түлек 100 баллдан жоғары көрсеткіш көрсетсе, 2016 жылы – 42, 2015 жылы – 20 бала осындай нәтижеге қол жеткізген еді. Еске сала кетейік, биылғы оқу жылында түлектер мектеп бітіру емтиханын бөлек, ЖОО-на түсуге арналған сынақты бөлек тапсырды. Биыл ҰБТ-ны ақылы негізде де тапсыруға мүмкіндік қарастырылған. Ол сынақ түрін тамыз айында және 2018 жылдың қаңтар айында тапсыруға мүмкіндік бар.
Биылғы жаңа форматта тапсырған ҰБТ сынағынан бірінші шыққан Т.Айбергенов атындағы орта мектептің түлегі Айсара Шырын музыкалық білім алуға ниетті. Сондықтан таңдаған оқу орнында шығармашылық емтихан тапсыратын талапкер оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихы пәнінен ғана сынақ тапсырған. Ал, А.С.Пушкин атындағы орта мектептің түлегі Асылжан Әлиева физика – математика бағытын таңдап, програмист мамандығын игерсем дейді.
Ал, сынақ тапсырылған Т.Жармағанбетов атындағы орта мектептің сыртында сол күні кісі қарасы көп болды. Себебі, мамандық таңдау барысында сынақ тапсырып жатқан түлектерге ата – аналары, тума – туыстары келіп, жанкүйер болды. Солардың бірі Қоңқаев Бақыт ақсақал Миялы ауылынан арнайы немересі үшін ат терлетіп келіпті. 82 жастағы қария үйде отырғаннан гөрі, аудан орталығына келіп, өз көзімен көрмекке бекініпті. Кезінде шопанның асатаяғын ұстаған ақсақал бүгінде немерелеренің тілеуін тілеп жүр.
Бақытгүл БОРАНБАЕВА