Ел үшін қызмет етіп жүр

Салтанатты жиында мекеме қызметкерлері, ішкі істер органдарының қызметкерлері және ардагер полиция қызметкерлері бас қосты. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Асқар Тұрарұлына берілді. Ол өз сөзінде кәсіби мереке иелерін мерекемен құттықтады. Ел дамуында үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегінің зор екендігін атап айтты. Ел тыныштығын қорғауда, қоғамдағы тәртіпті бақылауда еткен еңбектері үшін полиция қызметкерлеріне де ерекше көңіл аударды. Құттықтау барысында олардың қызметі мен адал еңбектеріне алғысын айтып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тіледі. Мемлекеттік қызметшілерге еліміздегі реформаларды, Елбасының жолдауларын іске асыруда, халқымыздың тұрмыс – тіршілігін жақсартуда үлкен мақсат міндеттер жүктелген. Бүгінгі таңда ауданда 248 мемлекеттік қызметші халыққа қызмет етуде. Биліктің бейнесі мен іскерліктің қабілетін танытып жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегін бағалап облыстық дәрежедегі алғыс хаттарды табыстады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаровтың Алғыс хатын аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Рита Азова және Қарауылкелді ауылдық округінің бөлім басшысы Ақбота Қомытқа табысталды. Байғанин аудандық жұмыс пен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекші маманы З.Б.Дүсіпова облыс әкімі Б.Сапарбаевтың Алғыс хатына ие болды. Келесі кезекте Байғанин аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысының орынбасары Ш.М. Ермұанбет, Байғанин аудандық мәслихаты аппаратының бөлім басшысы А.Ораз, Байғанин аудандық қазынашылық басқарма басшысы Н.Т.Саламат, Қопа ауылдық округінен Б.А.Жылқыбаев, Қызылбұлақ ауылдық округінен М.Н. Нұрқашев, Ащы ауылдық округінен Э.О.Хайырманова ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Қ.Тоқышевтың Алғыс хатына ие болды. ҚР білім және ғылым министірлігі, Балаларды қорғау комитетінің алғыс хатын Байғанин аудандық білім бөлімі, балаларды қорғау бөлімінің бас маманы Ж.Қ.Өсербаеваға табыс етті.
1992 жылғы 23 маусымда ҚР Жоғарғы кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары» заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. 2007 жылы 5 маусым күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 23 маусымды полиция күні деп бекітті. Жауапты қызметті жолға қоюдың басы – қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс айту ретінде полиция қызметкерлеріне аудан әкімі атынан Алғыс хат табысталды. Қазақстан полициясы құрылғанына 25 жыл толу мерекесіне орай «Қазақстан полициясына 25 жыл» естелік төс белгісін полиция подполковнигі Ж. А. Әділбайұлы, полиция капитаны Б.И.Ізбасарұлы, полиция майоры Е.Б.Тілепбергенұлы, полиция майоры Б.К.Кереейұлы, полиция сержанты Б.А.Маратұлы, полиция старшинасы Е.Е.Әжіғалиұлы және полиция капитаны Н.А.Абдулкаримұлына тағылды. Сонымен бірге «Мінсіз қызмет» үшін төсбелгісі Талғат Жартыбаев және Әділет Абдулинге берілді. Халық пен қоғам арасындағы көпірді жалғап жүрген, ел үшін тер төккен азаматтардың мерекеде мерейі үстем болды.
Ақторғын АЛДАБЕРГЕН