Тамсандырған ЭКСПО

ЭКСПО-ны көзімен көрген бақытты жандардың айтуынша, қалашыққа баруға ертерек қамданған дұрыс дейді. Себебі, ұзын – сонар кезекте тұрып, уақыт жоғалтуыңыз ғажап емес. Өйткені, еліміздің түкпір – түкпірінен, сондай-ақ, шетелдік туристердің көптігінен көрмені аралаушылар саны көп. Сондықтан, халықаралық шараны көру мүмкіндігіне ие болған екенсіз, әйтеуір бардым демей, біраз нәрсені көзбен көріп, көкейге түйіп қайтқан дұрыс болар деген ой, білгісі, көргісі келетін жанды алға сүйресе керек. Өз жерімізде өтіп жатқан халықаралық көрменің басты нысаны – «Нұр Әлем» екеніне дау жоқ. «Нұр Әлем» павильоны көрменiң орталық объектiсi. Оның диаметрi 80 метр, биiктiгi 100 метрдi құрайды. Қазақстан павильоны сфера пiшiнiндегi әлемдегi жалғыз ғимарат. Оның салмағы - 13 мың тонна. Әр әйнектiң салмағы 600-800 келiге дейiн жетедi. Аталған павильонда «Болашақ энергиясының музейi» орналасқан. Музейде Қазақстанмен таныстыратын аумақ пен негiзгi энергия көздерiн тамашалауға болады. «Нұр Әлемнiң» әр қабатында сан алуан тақырыптағы экспозициялар орын тепкен. Павильонның 1-қабатында Ұлттық павильон орналасқан. Мұнда 2 аумақ бар. Біріншісінде, еліміздің салтдәстүрі, мәдениеті мен тарихын көруге мүмкіндік қарастырылған. Екінші аумақ «жасампаз энергия» деп аталған. Онда қазақстандық ғалымдардың баламалы энергетика саласындағы ең үздік жобалары қойылған. Жалпы павильон 8 қабаттан тұрады. Келген қонақтар көрмені 8-қабаттан бастап аралайды. Онда Астананың 2050 жылы қандай болатынын көруге болады. Кейін саты арқылы төменгі қабаттарға түсіп, араладық. 7- қабатта ғарыш энергиясы, 6-қабатта күн, 5-қабатта жел, 4-қабатта биомасса, 3-қабатта кинетикалық, 2-ші қабатта су энергиясына қатысты жобалар қойылған, - дейді көрмені тамашалап келген Шынар Әкімова. Көрмеден мұншалықты әсер аламын деп ойламаппын. Көргім келді, оның үстіне сұлу қала Астанаға барып, қыдырып келу ойымда болған. Дегенмен, мұндағы көзбен көргендерімді, алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, - дейді, аудандық емхана меңгерушісі. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Рита Халыққызы да аталмыш көрмені тамашалап келгендер санатында. Ол да өзгелер секілді «Нұр Әлемге» арнайы бас сұғыпты. Кіре берістегі ұлттық салт – дәстүріміз, мәдениетіміз бен тарихымыз «сөйлеп» тұрған бұрышқа әсіресе, шетелдіктердің қызығушылығы басым дейді. Қазақстан павильонының бірінші және екінші қабатынан гүлдерді жаңа технологиямен қалай өсіретіндігі жайлы, Астананың болашақтағы көрінісі, ақылды үйлер, күн энергиясымен жүретін көліктер туралы ақпарат алуға болады. Әр қабаттың өзіндік атауына сай бағытта мәлімет беріледі, - дейді мемлекеттік қызметкер.
- «Экспо – 2017» көрмесіне, жалпы Астанаға барғанда кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Еліміздің әлем елдері алдындағы беделінің жоғарылығына шын көзің жетіп, қарқынды дамып жатқан Қазақстан үшін шын қуанасың. Көрмені ел аузынан немесе БАҚ-дан естіген бір бөлек те, өзің барып тамашалаған бір бөлек дүние. Сондықтан қарбалас тірліктен бір мезгіл бойыңды жазып, әсем Астанадағы тарихи сәтке куә болып, әрі отбасыңмен демалып келгенге не жетсін! Көрме шын мәнінде керемет, баршаңызға оны тамашалауға шын жүрегімнен кеңес беремін! -дейді Рита Халыққызы.
Су, жылу үнемдейтін қондырғылар, баламалы электр қуатын өндіретін құрылғылар Финляндия елінің павильонында көптеп кезедеседі. Жасыл экономиканы дамыту үшін финдерден үйренеріміз көп секілді. Олар қоқыстың 90 пайызын жаңадан өңдеп, олардан энергия шығарады. «Ақылды қала» секторындағы ең мықты экспонат Финляндияның жылу алмастырғышы болып саналады. Жылу алмастырғыштың ерекшелігі – ол тек қана 1 кВт/ сағат электр энергиясынан 5 кВт/ сағат жылу энергиясын өндіре алады екен. Финдер «Әлемдегі ең «жасыл ел» – біздің мемлекет» деп мақтанышпен айтады. Ел аумағының 70 пайызын орман алқаптары алып жатыр. Павильонды да қарағайдан салып, ауа тазартатын табиғи мүкпен қаптауы «жасыл экономикаға» жақын екендіктерін білдірсе керек. Финдердің павильонын тамашалағандар мұнда баламалы энергетика, жаңа технология кең көлемде көрсетілген деседі. Ғылым мен электроника саласындағы соңғы жаңалықтарын ұсынатын жапондар су двигателi, виртуальдi әлемге бастайтын түрлi өнер табыстарымен көпшiлiктiң қызығушылығын оятуда. Тайландтықтар қалдықтар мен қоқыстарды қайта өңдеп энергия алу, кейбiр дақылдардан энергия көзiн табу секiлдi бастамаларын әкелсе, малайзиялықтар электр үнемдейтiн алып шамдарын ала келiптi. Иордания мемлекетінің де павильоны ерекше деседі. Онда бас сұғу арқылы Таяу Шығыстағы туризмi дамыған мемлекеттiң қилы тарихы мен қазiргi жайкүйiнен мағлұмат алуға болады. Жылына 25 мың тонна құрма өндiрiп, шетелге экспорттайтын Иордания өз аумағындағы Иордан өзенiн тиiмдi пайдалануымен көпке үлгi. Бауырлас елдерге келсек, Түркия, Әзiрбайжан, Өзбекстан, Түркiменстан мемлекеттерi де өз жетiстiктерiн ала келiптi. Кiлем тоқу бойынша әлемдегi үздiктердiң бiрi саналатын Әзiрбайжан өз павильонын кiлемдерiмен көмкерiптi.
Иә, осылай тізбелей берсек, халықаралық шараға қатысып жатқан 115 мемлекеттің жайын айтуға болады. Дегенмен, қалған мемлекеттердің павильондарын өз көздеріңізбен көріп келуге кеңес береміз. Ендеше, қазіргі ғылымдағы соны жаңалықтармен танысып, өз елімізде жүріп, өзге елдерге саяхат жасаймын десеңіз, мүмкіндігіңіз бар. ЭКСПО – 2017 көрмесі сіздерді күтуде!
Бақытгүл ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ