Сыбайлас жемқорлықпен күресу

Бүгінде біз мүлде жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты іскерлік болса бұл жолда жетістіктеріміз де аз емес. Сондай-ақ, шешімі күрделі мәселелер де баршылық. Олардың бірі – жемқорлық.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет, өкілеттігін теріс пайдалану, билікті, не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған жауап беру немесе жауап беруден жалтаруға, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін осы келеңсіз жағдайлар туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде талдау жүргізіліп, қызметкерлер арасында үнемі Заң аясында жұмыс жасау керектігі баса айтылып отырады. Кез-келген мемлекеттік қызметші осы мақсатта жүйелі жұмыстар жүргізу үшін Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі талаптарының сақталуын қадағалауы қажет. Аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілікке тартылатындығы туралы бөлім қызметкерлерімен отырыстар да өткізілді.
Елбасы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру- мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жайында қылмыс пен сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз. Сондықтан мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет деп білетін әрбіріміз сыбайлас жемқорлықпен күресте белсенділік танытып, қоғам дертінің түп тамырымен жойылуына атсалысуымыз қажет.
Байғанин аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Ержанов