Қайырымдылықтың соңы сүйіншімен ұласпақ

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан еңсесін тіктей түскен бірқатар игі істер жасалғаны рас. Бұл ретте аудан топырағынан шыққан талай азаматтардың жомарттығын атап өтуге болады. Солардың бірі Естай Сисенбаев. Апта басындағы ауданға сапары кезінде аталған акция аясында кәсіпкер аудандық оңалту орталығына синтезатор музыкалық құрылғысын тарту етті. Табыстау рәсіміне арнайы барып қатысқан аудан әкімі Қайрат Отаров ауыл азаматының жомарттығына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға шақырды. 1995 жылы сол кездегі Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектепті тәмәмдаған ол бүгінде «Bazis Group KZ» ЖШС-нің басшысы. Естай Ибрагимұлы қазіргі таңда баламалы энергия көзін қолжетімді ету мақсатында жұмыстанып жүргенін айтады. Сонымен қатар, кәсіпкер аудан аймағында жылқы малының сүтімен, қымызымен емдейтін санаторий бой көте ретіндігін құлаққағыс қылды.
– Ауылыма қашан да бір бүйрегім бұрып тұрады. Өзімінің туған жеріме, осында өсіп келе жатқан жастарға сәл де болсын көмегіміз тисін деген ниетпен сыйымызды ала келдік. Сондай-ақ, өңірде халыққа пайдалы бір кәсіп бастамақпыз. Шамамен қыркүйек – қазан айларында ашылуын жоспарлап отырмыз. Әзірше жылқыларды әкеліп, жерге үйретудеміз, - деді Естай Сейсенбаев өз сөзінде. Демек, жақын арада аудандағы мал шаруашылығы жаңа деңгейге көтеріліп ғана қоймай, сырттан шипажайға келетін қонақтарды да қабылдайтын орталыққа айналуы мүмкін.
Арайлым ҚАСЫМ