«Samyryq – 2019» жастар форумы

Жастар жылының кезекті шарасы көлемді түрде аталып өтілді. 30-шілдеде өткен «Samyryq – 2019» жастар форумына айтыскер ақын Балғынбек Имашев, жастар арсында «АйбекMEN» атымен танымал Айбек Жағыппар, «МузАрт LIFE» жобасының жеңімпазы Райымбек Сатыбалды сынды елімізге танымал тұлғалар келді.
Күннің алғашқы бөлігінде Балғынбек Имашев аудандық мұражайға бас сұғып, ондағы жәдігерлермен танысты. Одан соң аудандық мәдениет үйіндегі өзін күткен 100-ден астам байғаниндікке асықты. Ақын кездесу барысында кешті тізгіндеген Наурызбек Отарбекпен залға жиналған жастардың сұрақтарына жауап берді. Алғашында ұяңдық танытқан жастар кездесу соңына аз уақыт қалғанда ерекше белсенділік таныта бастады. Бірі сұрағын қоюға, енді бірі естелік суретке түсуге асыққандар арасынан аудан өнерпазы Ерболат Шаңдинге ақымен айтысу бұйырды. Ерболатпен айтыста Б. Имашев:
...Тұлғалары шетінен заңғар екен
Көріп бүгін көңілім толып отыр,
Жастарға көңіл бөлген ел бар екен.
Егерде баға беру керек болса,
Балғынбектің берері он балл екен....
...Кіл мықты текті туған Байғанинді,
Бермес едім ешқандай шет еліңе!
Табаным тигеніне бақыттымын,
Осындай тектілердің мекеніне , - деп баға беріп, тарихы терең Байғанин топырағында туылған әрбір жасқа бабаларындай болсын деген тілегін жеткізді. Соңғы сөзді сыр - сұхбатқа бастан аяқ қатысқан Қайрат Отаров алып, ақынға ерекше ілтипатын білдірді. – Қызметіме кіріскеніме көп болған жоқ. Менде сіз сияқты осы ауданның терең тарихына тәнтімін. Жүрген жерімде мақтанып айтып жүрем. Мұндай киелі топырақтан шы ққан жастар да осал болмауы тиіс, - деді аудан басшысы өз сөзінде. Форум өз жалғасын, кешкі шамдар жағылысымен аудандық орталық стадионда тапты. Аудан өнерпаздары мен көпшілікке «АйбекMEN» атымен танымал Айбек Жағыппар, «МузАрт LIFE» жобасының жеңімпазы Райымбек Сатыбалдының қатысуымен болған концертте аудан әкімі бастаған бірқатар ел ағалары төбе көрсетті. 150-ге тарта адам жиылған кештің алғашқы құттықтау сөзі өңір басшысы Қ. Отар овқа берілді. Ауданның мәдениет саласында белсенділікпен көзге түскен Аманжан Смадинов, Жарас Алпамысұлы, Нұрбақыт Нұрсұлтан қызы, «Жасыл ел» жасағының белсенділері Аягөз Тағаш, Дияс Орысбай, Наурызбек Рысбай, Нұрдәулет Медиев, Әлихан Ернарұлы, Мейіржан Есенғосов, Гүлдана Айниязқызы, Айжанар Айсұлтан, Амангүл Жұмабаев, Бақытбек Үркінбай, Назерке Бекжанова, Бақытнұр Абыл, Мира Қалабай, Рысжан Теміржан қызы, Мейрамбек Шекернайлар аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Сондай - ақ, «Байғанин – 2019» лигасына қатысқан барлық командалар алғыс хатқа ие болып, «Атамекен», «Темірқазық», «Достық» командалары үздік үштікке енді. Ал Н. Бердіғалиев «Үздік шабуылшы», Н. Меңдіханов «Үздік қорғаушы, Н. Рысбай «Үздік қақпашы», Н. Бақтияров «Үздік ойыншы», Н. Құраған мен Б. Бақтығалиев «Ардагер ойыншы», Қ. Ангелин «Жас ойыншы» номинацияларын жеңіп алды. Аяқдопшылар құр доп қуып ғана қоймай қайрымдылыққа да өз үлестерін қосты. әуесқой спортшылар ауданда тұратын 4 бірдей ата - анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылардың әрқайсысының «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіндегі есеспшотына 20 000 теңгелік салым жасады. Күні бойы жалғасқан «Samyryq – 2019» жастар форумы әсем отшашумен аяқталды.
Арайлым ҚАСЫМ