Арнайы «ЖАС КӘСІПКЕР» үшін

2019 ЖЫЛДЫ РЕСМИ ТҮРДЕ «ЖАСТАР ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАНҒАНЫ БЕЛГІЛІ. ОСЫҒАН ОРАЙ ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ КӘСІП БАСТАП, ӨЗІНІҢ БАҒЫТЫН ТАУЫП, ТАБЫСТЫ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ. ЖЫЛ БАСЫНДА «АТАМЕКЕН» ҚР ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ПАЛАТАСЫ ЖАСТАР АРСЫНДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ МЕН ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН «ЖАС КӘСІПКЕР» АТТЫ БІЛІМ БЕРУ ЖОБАСЫН ІСКЕ ҚОСҚАН БОЛАТЫН. АТАЛҒАН ЖОБА АУДАНДА ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП, БҮГІНДЕ 60 ЖАС АРНАЙЫ ОҚЫТУ КУРСЫНАН ӨТУДЕ.
«ЖАС КӘСІПКЕР» ЖОБАСЫ ДЕГЕН НЕ?
Аталған палата жұмысының қарапайым халық арасындағы мерейін көтере түскен «Бастау» бағдарламасымен көпшілігіміз таныспыз. «Жас кәсіпкер» оқу жобасы дәл осы «Бастау» бағдарламасы шеңберіндегі жоба. Мұнда іш пыстыратын дәрістер және ескірген деректерге орын жоқ. Шынайы кейстер және үздік бизнес-тренерлер ұсынған шеберлік сабақтар, сондай – ақ кәсіпкерлік ортаға терең бойлау ғана бар. Оған қоса әр қатысуш ы 19 273 теңге көлемінде шәкірт ақыға ие болады. Ал кәсібін жалғастыруға ниеттілерге алғашқы капитал ретінде 505 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алу мүмкіндігі туып тұр. Грантқа қолыңыз жетпей қалса моймаңыз. Сіз үшін баржоғы 6 пайыздық жеңілдетілген несие де қарастырылған.
ОҒАН КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ?
Жоба негізінен 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастарды қамтуды көздейді. Сондай-ақ, жобаға еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулілер, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мүшелері де қатыса алады.
ҚАТЫСУ ҮШІН...
Жобаға қатысуға ниетті жастар өздері тұратын ауылдық округтің әкімдігіне, аудандық жұмыспен қамту орталығына, аудандық өнеркәсіп және кәсіпкерлікті қолдау бөліміне, аудандық жастар ресурстық орталығына немесе «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасының аудандық филиалына келіп жолыға алады.
НЕ ҮЙРЕНЕМІН?
Шілденің жиырма төртінде бастау алған жобаға бүгінде 60 адам қатысуда. Жобаның ұзақтығы 4 апта. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ж. Жаңабай, аудандық өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Ш.Спанова, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Е. Көпжасаров аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ә. Жеткізгенов, «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасының аудандық филиалының басшысы М. Тасиндер қатысты. Сонымен қатар, облыс орталығында өткен «Үздік тауарлар» конкурсына қатысқан «Бастау жобасының екінші түлегі Ақылбек Төлеповті аудан әкімінің орынбасары Ж . Жаңабай құттықтап алғыс хат табыс етті. Мұндағы тәжірбиелі үздік бизнес-тренердің дәрістерінен бизнесті жоспарлау дағдыларын үйреніп, сала майталмандарының практикасынан бір қатар әдістерді меңгерсіз. Ал оқу барысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген материалдар, тәжірибелік жаттығулар, кейстер, нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік қызметті жүргізуде белгілі бір түсініктермен біліктіліктерді жүйелеуге арналған іскерлік ойындарды қолдану арқылы жүргізіледі. Өз бойындағы кедергілердің шырмауынан шыға алмай жүргендер үшін жобаға жеке тұлғаны дамыту кеңесшісін де қосып отыр. Кеңесші әр қатысушы мен жеке жұмыс жасап психологиялық-моральдық көмек беретін болады. Аудан орталығындағы курсты «Басатау» жобасының бизнес-тренері Сәкен Құбайдуллин мен жеке тұлғаны дамыту кеңесшісі Лида Бердімұратова жүргізуде.
– «Жастар жылында» бастау алған жоба өзін-өзі дамыта алмай жүрген, жұмыссыз жастар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Себебі, бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға, қолдауға мемлекет көп көңіл бөлуде. Аудан тұрғындарының да ынтасы жаман емес. Оған дәлел биыл екінші жыл қатарынан өткізілгелі отырған «Бастау» жобасының нәтижелері. Өткен жылы біз 155 адамды о қытсақ, оның 28-і қаржыландырылды. Тағы 4-5 адам кәсіпті өз қаражаттарымен бастады. Ал биыл оқыған 70 тыңдаушының 12-13-і қаржыланып тұр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан да жоғарыға көтеру жоспарда бар. Өйткені, «Бастау» жобасының қатысушылары үшін республикалық бюджеттен 21 грат бөлінбек. Сондай-ақ аудандық бюджет те кәсіпкерлерге қолдау танытып қайтарымсыз грант ұсынбақ,-дейді жоба тренері Сәкен Құбайдуллин. Қаражатпен білім беруден осындай қолдауға ие болған жастар үшін қалғаны өзіне деген сенімділігін арттырып іске кірісу ғана. Бұр ретте маман Лида Бердімұратова ішкі кедергілерге қарсы тұра білу керектігін айтады.
– Бір істі бастамас бұрын кімде болмасын ішкі қорқыныштың, алаңдаушылықтың болатыны сөзсіз. Отбасы мүшелерінен, таныстарыңыздан қолдау күтіп, күткеніңіз болмай қалғанда бәрін тастап кері шегінуге болмайды. Осы үшін болашақ кәсіпкерлерге психологиялы қ көмек қажет-ақ. Жоба басталғалы қатысушылардан маманды ққа бейімділік тесті алынды. Енді тест нәтижелеріне қарап, жеке жұмыстар жүргізетін боламыз,-деді ол.
Арайлым ҚАСЫМ