Жас отбасының жаңа кәсібі

Ауданда кәсіптің жаңа түрі ашылды. Енді аудан тұрғындары мерейлі сәттерін гүл шоқтарымен әсемдей алады. Жастар жылы қарсаңында Елубаевтар отбасы Қарауылкелдідегі Бармақ батыр көшесінен «FLOWERS» гүлдер салонын ашты. Салонның салтанатты ашылу рәсіміне аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Жақасов, аудандық өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ақсая Бөлекова, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ерік Көпжасаров, «Бизнес Бастау» жобасының жергілікті бизнес – тренері Серік Ғубайдуллиндер келіп қатысты. Жас отбасы жаңа кәсіптерінің ашылу салтанаты кезінде инстаграм әлеуметтік желісіндегі салонның ресми парақшасында жарияланған конкурстың нәтижелерімен бөлісіп, жеңімпаздарға сый - сияпаттарын табыс етті.
– Мемлекет жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға ден қойып, жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл мүмкіндікті құр жібермей, ауданда бұрын соңды болмаған, бірақ сұранысқа ие кәсіптүрін ашуды ұйғардық, - дейді отағасы Мейірхан Елубаев. Бұл сөздерге жары Гүлбанат Ержан қызы да қосылатынын айтып, кәсіпті бастар шақта өздеріне үлкен қолдау көрсеткен отбасына, анасы Толғанай Отызбаеваға, жақын достарына деген шексіз алғысын жеткізді.
Енді сіздер «Бармақ батыр» көшесі №227 мекен - жайында орналасқан «FLOWERS» гүлдер салонына барып не болмаса 8775 650 09 29 байланыс телефондары арқылы өз талғамыңызға сай раушан, лилия, хризантема гүлдерінен жасалған әсем гүлшоқтарына тапсырыс бере аласыз. Одан өзге салоннан бөлме гүлдерін, гүл отырғызуға арналған ыдыстарды, құнарлы топырақтармен декоративтік тастарды таба аласыз. Сондай - ақ, бүгінде таптырмас тосын сый ретінде сұранысқа ие тәтті букет пен жұмсақ ойыншықтардан жасалған композицияларды да тиімді бағада алуға болады.
Арайлым ҚАСЫМ