«Keleshekke – kemel bilimmen!»

КЕШЕ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ. «КЕЛЕШЕККЕ КЕМЕЛ БІЛІММЕН!» ДЕП АТАЛҒАН КЕЛЕЛІ ЖИЫНДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ МЕН ӨТКЕН ЖЫЛДАРДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ САРАЛАНДЫ.
2018 - 2019 ОҚУ ЖЫЛЫ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНДІ?
Білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері бас қосқан жиында алдымен сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Серғали Досқұлов өңірдің білім беру саласының бүгінгі жай - күйімен таныстырды. 2016 жылдан бастап еліміздің білім саласына «Жаңартылған білім негіздері» бағдарламасы еңгізілгені белгілі. Осыған орай, аудан мектептерінің бастауыш сынып мұғалімдерінен бастап, мектеп директорларына дейін аталмыш бағдарламаға сәйкес педагогтардың өз білімдерін жетілдіріп жатқанын айтқан білім бөлімінің басшысы Назарбаев зияткерлік мектептері мен Педагогикалық шеберлік орталықтарынан біліктіліктерін арттырған мұғалімдердің қатары көбейгендігін жеткізді. Бөлім басшысының сөзіне сенсек, 2021 жылға дейін ауданның барлық педагог кадрлары «Жаңартылған білім негіздері» бағдарламасымен толық қамтылатын болады.
Аудандағы 19 орта, 2 негізгі, 1 бастауыш мектепте өткен оқу жылында 4412 оқушы білім алған. Ауданның бас педагогының айтуы бойынша, биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 514 оқушы қабылданбақ. - Былтырғы жылмен салыстырғанда 61 балаға өсім бар, - дейді С.Қарабайұлы. Өткен жылы ауданның білім саласының бюджеті 3 345 614,0 мың теңгені құрап, оның 1 914 666,5 мың теңгесі игеріліпті. Оның 12 512,0 мың теңгесі мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсалған. Сондай-ақ, педагог кадрлардың біліктіліктері жөнінде мәліметтер келтірген баяндамашы 2018-2019 оқу жылынан бастап, жаратылыстану бағытындағы 4 пән бойынша (химия, биология, физика, информатика) ағылшынша оқытуға 38 мұғалім толық курсын аяқтап, сертификаттар алғандығын мәлімдеді.
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ
2019-2020 оқу жылының 1-қыркүйегінде 4,9,10 класс оқушылары 100% оқулықпен қамтамасыз етіледі. Жергілікті бюджеттен мектеп алды даярлық пен 4,9,10 сыныптарға жаңартылған мазмұн бойынша 42 226,0 мың теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен қосымша 5 млн. теңге қаржы бөлінді. 10 баспамен 47 млн. Теңгеге келісімшарт жасалып, жалпы көлемі 27 700 мың дана оқулыққа сұраныс берілді, - деді. С. Досқұлов. Мектеп алды даярлық сыныптары үшін де 9 155 мың теңгенің кітаптарына сұраныс берілген. Биылғы жылдың басты жаңалығы 2 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетіндігі (№4 Қарауылкелді орта мектеп - гимназиясы, Бұлақтыкөл орта мектебі). Сондай-ақ, Байғанин, Сағыз орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілген. - Қалған 20 мектеп жергілікті бюджеттің 5563,7 мың тенге қаражатына ағымдағы жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар алынып беріліп, ақтау-сырлау жұмыстары жүргізілді, мектептер бала қабылдауға дайын, - дейді бөлім басшысы. 2019 - 2020 оқу жылына 17 мектепке жиынтығы 3463 тонна қатты отынға тапсырыс берілгендігі, қазіргі күні межеленген отынның 44 пайызы жеткізізілгені, қалған мөлшері қыркүйек айында жеткізілетіндігі де осы жиында айтылды. Ыстық тамақтың жайы сөз болғанда өткен оқу жылында тегін ыстық тамақ пен 936 оқушы қамтылғандығы айтылды. 2019 жылдың сәуірінен бастап жылға арналған 4 апталық ас мәзірі бекітіліп, бір балаға 400 теңге көлемінде ыстық тамақ ұйымдастыру қолға алынған. Айта кетерлігі, ас мәзірінде аптасына кемінде 1 рет бал өнімін және жеңілдетілген тамағының рационына сүт өнімдері қосылған.
ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТҮЛЕУІ
Өткен оқу жылында аудан мектептерінен 261 түлек түлеп ұшты. Ресми дерекке сүйенсек, олардың 260-сы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері атанып отыр. Олардың 66-сы мемлекеттік грант иегерлері болса, 2 түлек облыс әкімінің грантын иемденіпті. Атаулы әлеуметтік көмек алатын және көп балалы отбасы балалары үшін өткізілген қосымша конкурс нәтижесі бойынша 13 оқушы грантқа қол жеткізсе, 1 түлек ректор грантының иегері атанған. Кешегі 82 оқушы грант негізінде білімін жоғары о қу орындарында жалғастыратын студент атанды. Ауданның бас педагогы сөз соңында еліміздің барлық білім ордаларында Білім күні – «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты тақырыпта өтетіндігін хабарлады. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жандарбек Жаңабай ауданның білім саласы жаңа оқу жылында толағай табыстарға қол жеткізуіне тілек тестік білдіріп, еңбектері еленген бірқатар ұстаздарды республикалық, облыстық дәрежедегі марапаттармен марапаттады. Облыстық білім басқармасының өкілі Талғат Сүлейменовпен аудандық білім бөлімінің басшысы Серғали Досқұлов та педагог кадрлардың еңбегін еледі. Ардагер ұстаз Болат Боранбаев кейінгі із басарларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, қай заманда да мұғалімдер қауымына жүктелер міндеттің аз еместігін, кезінде қазақ даласында мәртебелі мамандық болған бала оқыту ісінің бүгінгі таңда қайта бағалана бастағанын жеткізді. Салтанатты жиын соңы ән мен биге ұласты.
Бақытгүл
ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ