Ата заң мерекесіндегі марапат

ӨТКЕН АПТАДА ЕЛІМІЗ ҮШІН АЙТУЛЫ КҮНДЕРДІҢ БІРІ, БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕ – КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ. АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ӨТКЕН САЛТАНАТТЫ ЖИЫНДА АУДАНДАҒЫ БІРШАМА МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ МАРАПАТТАЛДЫ.
Мемлекетіміздің бүгінгі құрылымын шынайы бейнелеген, ұлттық мақсатты айқындап берген темірқазық іспеттес болған Атазаң мерекесімен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай қызметкерлерді марапаттады. Аудан сотының бас маманы Жанат Әбубәкірова, аудандық прокуратураның аға прокуроры Азамат Махмудов, полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция капитаны Аслан Смайлов , Халыққа қызмет көрсету бойынша аудандық бөлімнің басшысы Алтын Жаңабергенова және т.б. аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. АХАТ қызметінің бас маманы Дана Әділханова облыстық Әділет департаменті басшысының Алғыс хатын иеленді. Азаттығымызды айқындайтын, Тәуелсіздігімізді паш ететін, Егеменді ел екенімізді танытатын, дербес мемлекеттігімізді көрсететін қастерлі құжатты ұлықтауға арналған мерекеде аудан өнерпаздары ән мен биден шашу шашты. Жиында бүкіл тыныс - тіршілігіміз, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі – барлығы сол Заңнан бастау алатындығы бағамдалды. Ата Заң – Бабалар аманаты. Кешегі Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» жалғасы, заңды мұрагері саналатын Ата Заң – әрбір азаматтың конституциялық құқын танытатын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы. Ата Заң – дүние есігін ашқаннан бастап, басың құбылаға қарағанға дейінгі уақытта сенің құқыңды сақтайтын, құр сөреде жатпайтын баталы заң. Сондықтан еліміздің әр азаматы басты құжатты қастерлейтіні белгілі.
Б. БОРАНБАЕВА