ТҰҢҒЫШ МЕКТЕП — ГИМНАЗИЯ АШЫЛДЫ

БІЛІМ КҮНІНДЕ АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫ БОЙ КӨТЕРДІ. №4 ҚАРАУЫЛКЕЛДІ МЕКТЕП - ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРАНБАСАРЫ М. ТОҒЖАНОВ, АУДАН ӘКІМІ Қ. ОТАРОВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ Б. ТҰРЛЫБАЕВ, МЕРДІГЕР «КВАРЦ - СПЕЦСЕРВИС» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ А. ЕСМҰХАНОВ, АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ С. ДОСҚҰЛОВТАР ҚАТЫСТЫ. ШАРА БАРЫСЫНДА ӘН МЕН БИДЕН ШАШУ ШАШЫЛЫП, АРДАГЕР ҰСТАЗДАР ҚҰТТЫҚТАУ ТІЛЕКТЕРІН ЖЕТКІЗДІ. ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ ЛЕНТАСЫН ДА АРДАГЕР ҰСТАЗДАР Ш. АДАЕВ ПЕН Қ. АМАНҒАЛИЕВА ҚИДЫ.
Жалпы құны 1 млрд. 316 млн. теңгені құрайтын мектеп бір ауысымда 300 о қушыны қабылдай алады. Қыркүйектің біріне дейін мектепке 416 оқушы тіркеліп үлгерген. – Педагог кадрларды таңдау барысында Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе отырып арнайы комиссия құрылды. Конкурстан өткен 66 мұғалім өз жұмыстарына кірісіп кетті. Ал техникалық қызметкерлерді, штат үшін арнайы қаулының шығуына қарай, қыркүйек айының басында ғана ала бастаймыз, - дейді мектеп директорының м.у.а. Мұрат Дабысов. Осы ретте әлеуметтік желі мен көпшілік арасындағы таласты сауалдың жауабын білмекке соғылған қоңырауға аудандық білім бөліміндегілерден «Жеңілгеннің сөзі» деген жауап алдық. Мектеп лентасы қиылған соң шара қонақтары мектептің ішкі жай - күйімен танысты. Жаңадан ашылған оқу ордасы барлық стандарттарға сай жабдықталған. Жарық әрі кең дәліздері кірген жанға сөзсіз ерекше әсер қалдырады. Мектептің материалдық базасы түгелдей жоба аясында қарастырылған. 18 оқу бөлмесі 12 интерактивті тақта, 70 компьютермен жабдықталған. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылдан бастап бастауыш сыныптарына информатика пәні қосылған. Алайда, барлық мектепте мультимедиялық оқу кабинеті жоқ. Жаңа мектепте осы алдын - ала ескеріліпті. Мұндағы 3 информатика кабинетінің екеуі жоғары, біреуі бастауыш сыныптарына арналған. Одан өзге облыстық бюджеттің қаржыландыруымен химия, биология, физика, робототехника және жаңа модификация кабинеттері жабдықталмақ. Сонымен қатар, мектепте 12500 кітаппен қамтылған 26 орындық кітапхана бар. Мектептің 4, 9, 10 класстарына жаңа оқулықтар алынбақ. Басқа оқушылар үшін де кітап қоры жеткілікті. Облыс әкімінің орынбасары М. Тоғжанов өз сөзінде – Мемлекет оқушыны кітаппен қамти алу тиіс. Ата - ананың қалтасынан тек дәптер мен басқа да қажеттіліктер үшін қаражат шығуы тиіс. Ата - аналар кітап сатып алмасын, - деп атап өтті. Оқушылар үшін 1 спорт залы, 102 орындық асхана, 78 орындық АКТ залы, 3 шеберхана, методика, медициналық, психолог, логопед кабинеттері де жұмыс жасайтын болады. Мектептің материалдық базасымен толық танысқан облыс әкімінің орынбасары бастаған топ мектеп жанындағы интернатқа бет алды. 100 орындық жатақхана ер және қыз балаларға арналған екі қанатқа бөлінген. Сондай - ақ, интернат меңгерушісіне арналған кабинет, тазалық бөлмелері, оқу және демалыс залдары бар. Сонымен жаңа мектеп - гиназиясындағы 22 класс комплектісіне бүгінге дейін 416 оқушы қабылданды. Жатаханаға 40 оқушы орналасты. Биыл мектеп 11 түлекті қанаттандырмақ.
Арайлым ҚАСЫМ