СЕРГЕКТІК СЫЙЛАҒАН АКЦИЯ

Дүйсенбіде аудандық орталық аурухана қызметкерлері арасында «Денсаулық сандарына жет!» атты акция өткізілді. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы денсаулық фестивалі барысында аудандық орталық стадионда жеңіл атлетика мен волейбол ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, көңілді флешмоб көрсетілді. Аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті мамандары ұйымдастырған шара өз жалғасын «Ай – Жібек» базарында тапты. Халық көп жүретін орындарда жалпы тәжірибелі дәрігер Ж. Кереева тұрғындарға консультативтік көмек көрсетті. Сонымен қатар, артериялды қан қысымын өлшеп, артық дене салмағын анықтау (кетле индексі) жұмыстары да жүргізілді. Күйбең тіршілік қамы шаршатқан көпшілік мұндай қызықты да пайдалы тәжірибеге ерекше қызығушылық танытса, денсаулық сақтау саласының мамандары өз жұмыстарына сергек, көтеріңкі көңіл - күймен оралды.
Арайлым ҚАСЫМ