«Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»

Бесінші қыркүйекте аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың жолдауын талқылауға араналған актив отырысы болып өтті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Б. Тұрлыбаев, аудан әкімінің орынбасары Б. Боранбай және бірқатар мекеме мен бөлім басшылары қатысты.
Мәжілісте сөз алған аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Б. Бақтығалиев мемлекет басшысының екінші қыркүйектегі жолдауының ІІ тарауында айтылған «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» турасында айтып өтті.
Ал аудандық мәдениет үйінің басшысы Г. Қонаева жолдаудағы мәдениет саласына қатысты тұстарға то қталып, «Тәуелсіз Қазақстанның тарихы тағы бір елеулі оқиғамен толықты. Биылғы жолдауды жұртшылық жалпы жылы қабылдады. Шын мәнінде, көптен бері тасада қалып жүрген мәдениет қызметкерлеріне көңіл бөлінуі бізді қатты қуантты. Ел Президенті мәдениет қызметкерлерінің көкейіндегі мәселені дөп басты. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көрінісі болып табылатын, болашақ ұрпаққа ұлттық, мәдени, эстетикалық тәрбие беріп отырған мәдениет қызметкерлеріне осылайша көңіл бөлінуі біздерге зор үміт сыйлады. Жалақының көбейтілуі, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктердің мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі - мәдениет саласы қызметкерлеріне үлкен шабыт, мотивация сыйлайды. Осы шаралардың қабылдануы мәдениет саласының беделін көтеріп, лайықты кадрлармен толығуына септігін тигізеді деп ойлаймыз. Және алдағы уақытта қызметімізді зор жауапкершілік пен атқаратынымызға сенім білдіреміз»,-деген ойын жеткізді.
Мәдениет пен тәртіптің бастау алатын ордасы білім саласы да жиыннан тысқары қалмады. Аудандық білім бөлімінің басшысының м.у.а. А. Қожуова Қ. Тоқаевтың «Білім беру сапасын жақсарту» туралы сөзіне тоқталып өтті. - Бұл Жолдау барша ұстаздар қауымын қуанышқа бөледі. Еліміздің тарихында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы Заң» қабылданатын болды. Білім беру сапасын жақсарту туралы IV «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты бөлімінің бірінші, екінші бағыттарында Президент білім сапасын жетілдіру үшін мамандар даярлаудың жүйелерін жетілдіру туралы, кәсіби білімді жетілдіру туралы нақты айтты. Елімізде жас мамандарды қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасын жаңа деңгейге көтеруді, осы мақсатта 20 млрд теңге бөлінетінін жеткізіп, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 60 пайызы ғана жұмыспен қамтылып отырғанын назарға ала отырып, жоғары оқу орындарының білім сапасына назар аударылуы керектігін басып айтты. Жас мамандарға жасалатын сүйіншіден соң мектеп түлектерінің жоғары және кәсіби біліммен толық қамтылуына жағдай жасау туралы мәселені көтерді. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасын жақындату үшін ауылда қала типтес жаңа үлгідегі мектептер салынуы керек. Бұл орайда ауданымызда биыл жаңа үлгідегі мектеп - гимназия бой көтеріп, жаңа оқу жылы жаңа серпінмен басталғаны білім сапасында жақсы көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сонымен қатар даму мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайын жақсарту да назардан тыс қалған жоқ. Оларға арналған оңалту орталықтарын көбейту қажеттігі атап өтілді. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды балалардың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. Ең өзекті мәселе оқулық сапасы екені де атап өтілді. Сапалы оқулық оқушы білімінің көзі бола алады. Сонымен қатар тамыз кеңесінде білім саласын білікті мамандармен қамту үшін және мұғалім мәртебесін көтеру үшін жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге дейін көбейтуді тапсырғанын атап өтті. Бұл келесі жылдан бастап Ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз. Қорыта келе ел Президентінің ұсынған бағыты еліміздің әрі қарай дамуын шарықтата түсетініне сеніммен қарап, ұстаздар қауымы Жолдауда айтылған межелерден көрініп, өзімізге жүктелген міндеттерді абыроймен жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ететінімізді мәлімдейміз, - деді ол өз сөзінде.
Ел үкіметінің қашан да шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударып келе жатқаны мәлім. Бұл туралы аталған актив отырысында аудандық өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлмінің басшысы Ш. Спанова былай деді: - Президент Қ. Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі» деп көрсетті. Ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, соның нәтижесінде жұмыссыздықты азайтатын, салық базасын
құрып, жергілікті бюджетті нығайтатын шағын бизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын да атап өтті. Сондықтан мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп «Ұлттық қордан» 100 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлуге тапсырма берді. Аудан бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 136,4 млн теңгенің 4 жобасы жүзеге асырылды. Осы бағдарлама бойынша тамыз айында жарияланған 3 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грантқа ауданнан үш кәсіпкер өздерінің тың жобаларымен (жылыжайда бақша өнімдерін және гүл өсіру, ауыз су шығару, қымыз сауу мен иппотерапияны дамыту жобалары) қатысып, қорғап шықты. Жобалардың жалпы құны 8 млн теңгені құрайды. Қорытындысы жуық арада белгілі болады. Дәл осы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына Елбасы алдағы үш жылда 250 млрд теңге бөлінетіндігін мәлім етті. Биылғы жылы ауданның 27 азаматы 217,6 млн теңгенің шағын несиесін алуға қол жеткізді, оның ішінде 24 адам 146,2 млн теңгені «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша алды. Әлі де мақұлданған және құжаттары қарастырылып жатқан 114,0 млн теңгенің 12 жобасы бар. Дегенмен, жыл басында ауылдық округтер қимасында берілген шағын несие алуды ұйымдастыру тапсырмасына ауылдық округ әкімдері толық қол жеткізбей отыр. Жолдауда несиені аз қамтылған және көп балалы отбасыларының алуына, отбасылық бизнесті қолдау туралы тапсырма берілді,- деді. Сонымен қатар, -Біздің ауданда тарихи ескерткіштер көп. Тектен текке аудан «Аспан асты мұражайы» аталып тұрған жоқ. Жақында да осы ескерткіштерді көріп, туризм бағытын қалай дамытуға болатындығын зерттеуге ауданға делегация келді. Әттеген-айы, эко және этнотуризмнің дамуына жол, инфрақұрылым кедергі. Елбасы Жолдауында осы мәселеге айрықша тоқталып, инфрақұрылымдар, әсіресе жолдар салуға арнайы мамандар даярлауға тапсырма берді. Тарихи ескерткіштерге барар жолдар салынған жағдайда, таяу жылдарда бізге де шетелдік туристердің қызығушылық танытып,келе бастайтыны анық. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек. Осы бағытта Елбасы Үкіметке 2020 жылдан бастап шағын бизнесті табыстан алынатын салықтан үш жылға дейін босатудың заңды жолдарын қарастыруды тапсырды. Көріп отырғанымыздай, шағын және орта бизнесті дамытуға мол мүмкіндіктер бар. Осы мүмкіндіктерді жіберіп алмайық, - деп сөзін қорытындылады.
Бизнестің ауыл үшін ең тиімдісі ауылшаруашылық саласын қолға алу десек қателеспеспіз. – Елбасы өз жолдауында «Ауыл шаруашылығы – негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз» деп атап өтті. Сонымен қатар, ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар екенін айтып, суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды тапсырған. Бұл ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Елбасы үкіметке сауда және интеграция, ауылшаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсету туралы тапсырма беріп отыр. Бұл өте маңызды деп есептеймін. Ауылшаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек. Қазіргі таңда біздің аудан бойынша қой еті экспортқа шығарылып жатыр. Бұл жұмыс та жолдауда көрсетілгендей, шикізатқа негізделген. Сондықтан өңделген өнім шығаруды қолға алуымыз қажет. Үкімет тарапынан қабылданған бағдарламалар, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» жалпы импорттық өнімдерді азайтып, отандық өнім өндірумен өңдеуді жолға қою мақсатында қабылданған бағдарлама. Бұл мақсатта біздер ауылшаруашылығы құрылымдары да атсалысуымыз қажет. Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында жүйелі түрде жұмыстар жүргізуге тиіспіз деп есептейміз,-деді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ж. Ержанов.
«Жем – Сағыз» ақпарат