МӘДЕНИЕТ майталманына арналды

Байғанин өңірінің мәдениет саласында есімі елеулі жандардың бірі – ол Сүндет Сарыбаев. Бүгінде таутұлғаның есімі ескерусіз қалмай, ұрпақтары әке есімін ұлықтады. Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде «Сарыбаев салған сара жол» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Сондай-ақ, ауданның мәдениет саласына зор үлес қосқан Сүндет Сарыбаевтың құрметіне арналған тағылымды шара өтті. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасы, Кеңестер Одағы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласындағы үздік қызметі үшін» төсбелгісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Сүндет Сарыбайұлының өзіндік дара жолы кеңінен айтылды. Аудан жұртшылығы өңірдің мәдениет саласының қабырғалы тұлғасын жадында жаңғыртты.
Кітапты құрастырып, баспаға әзірлеген Алмагүл Сүндетқызы аталмыш кеште кітапта келтірілген деректер турасында баяндады. – Кітап ауданның мәдениет саласының қалыптасу тарихы мен дамуының құнды белестері туралы мәлімет береді. Кітапта уақыт таңбасы бар. Негізінен атқарылған жұмыстар туралы баяндалған. Десе де, ол жұмыстардың әлі де өзекті екендігіне көзіміз жетеді. Сонды қтан, кітап оқырмандарының аудиториясы кең, - деді ол. Аудан жұртшылығы үшін мәдениет майталманы, артында қалған ұрпағы үшін асқар тау болған таутұлғаның кейінгілерге қалдырған ізі турасында басқосу барысында тұщымды деректер келтірілді. Кешке жиналғандар алдымен мәдениет үйінің фойесіндегі көрмені тамашалады. Көрмеде Сүндет Сарыбайұлының латын қарпімен жазылған туу туралы куәлігінен бастап, 30 мандат, киген пальтосы, пластинкалар жинағы, отбасылық кітапханадан біршама кітаптар, Қызылорда педагогикалық институтының физика – математика факультетін үздік бітірген дипломы, тұтынған дүниелері қойылған. Оның ішінде, тарихи – мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының мүшесі, Байғанин аудандық ревизиялық комиссиясының
мүшесі деген секілді бірқатар билеттер, жалпы біршама айтулы дүниелері көпшілік назарына ұсынылды. Ұрпақтары жалпы саны 117 жәдігерді аудандық музей үйіне тапсырған.
Мәдениет майталманына арналған еске алу кешінде аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрі кешегі алдыңғы буынның ізін жалғап, көпшілік назарына күмбірлеген күйлерін ұсынды. Естеліктерде аталмыш оркестр мүшелері бүкілодақтық дәрежедегі шараларға дейін қатысып, Мәскеу қаласында өнер көрсеткені, оны ұйымдастыру жұмыстарына С.Сарыбаевтың атсалысқаны айтылды. Мәдениет саласының белгілі ардагері, С. Сарыбаевтан кейін аудандық мәдениет бөлімін басқарған Жақсылық Сұлтанов, айтыскер, ақын, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР журналистер одағының мүшесі Нұрлыбек Қалауовтар да өз естеліктерімен бөлісіп, мәдениет тарланының адамгершілік қырлары турасында да айтып өтті. Сүндет Сарыбайұлы 1935 жылы талай қазақтың марқасқалары дүниеге келген Жарқамыс ауылында туып өсті. 1965 -1993 жылдар аралығында ауданның мәдениет саласын басқарған ол мәдениет мекемелерінің қалыптасуы мен дамуына, қарапайым еңбек адамдары арасынан өнерпаздардың көптеп шығуына, олардың арасында ұжым жұмысының кеңеюіне ықпал жасағандығымен аудан тарихындағы еңбегі өлшеусіз. Аудан тұрғындарының мәдени қызмет түрлерімен қамтылуын жолға қоюымен де ел есінде қалды. Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Сүндет Сарыбайұлы мен оның отбасының бейнесін сомдап, жиналғандарға кейінгі дәуірге саяхат жасағандай әсер қалдырды. Шара барысында С.Сарыбаевтың ізін қуған үлкен қызы Алмагүл Сүндет
қызына тарихи тұлға Бөкенбай Қарабатырұлының ерлігі мен өр рухын ұлықтауға елеулі үлес қосқаны үшін мерекелік төсбелгі табысталды. Әке жолын жалғап, мәдениеттің мәйегіне бойлаған перзент бүгінде облыстық тарихи - өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Сондай-ақ, «Шолпы» қыз балалар клубының жетекшісі, Қазақстан Халықтары Ассамблеясы жанындағы толеранттық мәселелермен айналысатын аналар кеңесінің мүшесі сынды қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүретіндігі әкеден көрген көрегендігі десті әке көзін көргендер. Сондай-ақ, аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрген Нұрлыгүл Сүндетқызы мен аудандық мәдениет үйінде қызмет
ететін Талапбек Сүндетұлы да әке атын асқақтатып, туған өлкелеріне еңбек сіңіріп келеді. «Сарыбаев салған сара жол» кітабында негізінен майталманның мәдени қызметі, жалпы сол кезеңдегі ауданның мәдениет саласындағы тарихи деректері келтірілген болса, айтылған естеліктерден оның өлең, ән шығарғандығын, құран аяттарын өлеңмен жазғандығы турасындағы да
деректер айтылып жатты. Сегіз қырлы, бір сырлы Сарыбаев турасында әлі де жарық көрмеген тың
деректер бар дейді қызы Алмагүл Сарыбай. Саңлақтың сара жолын саралаған ұрпақтарына көз көргендер алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Бақытгүл БОРАНБАЕВА