Тұсаукесер

Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылы, Жарқамыс ауылдық Мәдениет үйінде 2019 жылдың 17 қыркүйек күні жерлесіміз Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, ұстаз, жазушы, өлкетанушы, Тыл және Еңбек ардагері, «Туған өлке тынысы», «Өмір өткелдері» т.б. кітаптарының авторы Бисен Жақанұлының «Тағдыр соқпақтары» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Әр адам - өз алдына жеке бір тағдыр. Қазақта «Маңдайына жазылғанды көресің» деген сөз бар. Кітап өзгеше бір ғұмыр иесі Қуан Сазанұлының өмір жолы, оның басындағы қиындықтары мен қызықтары, ілгері ұмтылыстары мен күрестері, бастан кешкен көп бейнетінің зейнеті ақырында бәйтеректей бұтақ жайып, өркендеуіне арналады. Ондағы мақсат кейінгі ұрпағының өз тарихын, ата-бабасын біліп жүрсін деген ой болатын. Кітап кейіпкері Сазанов Қуан Сазанұлы кезінде «Ақжар» совхозында токарь дәнекерлеуші жұмысымен бастап, Тың игеру жұмысына да белсене қатынасып, аудандық, селолық советтің депутаты болып, бірнеше рет мақтау грамоталарымен, наградаларымен марапатталған ерекше еңбек адамы. Кітаптың тұсаукесеріне ауыл ақсақалдары, Қуан Сазанұлының ағайын-туыстары, бауырлары мен балалары және мекеме басшылары қатысты. Шара барысында қатысушылар сөз сөйлеп, Қуан Сазанұлының өз заманында аудан бойынша темірден түйін түйген шебер екендігін айтып және кітап авторына да шығармашылық шабыт, деніне саулық тілеп, өз ризашылықтарын білдірді.
Жарқамыс ауылы