2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі

Өткен аптада ауданға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша ақпараттандыру мақсатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Ақтөбе облыстық филилының директоры Гүлмира Қожаниязова мен филиал бөлімінің басшысы Салтанат Оңғар ат басын бұрды. Алдымен, аудандық орталық аурухананың ұжымымен жүздескен мамандар аудан әкімшілігінде бөлім, мекеме басшылары, кәсіпкерлермен, кейін «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында аудан тұрғындарымен кездесті.
Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап, қолданысқа енгізіле бастайтын жаңа жүйе бойынша тұрғындар арасында көптеген сұрақтар бар екені белгілі. Мамандардың айтуы бойынша, медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жеке меншік ауруханаға келген адам қалтасынан ақша шығармайды, қызмет құнын міндетті сақтандыру қоры өтейді. Ең бастысы, қордың медициналық мекемелермен келісімі болуы керек. Бұл халыққа тиімді болары белгілі. Айта кетейік, медициналық сақтандыру қоры 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Сақтандыру пакетіне амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, жоғарғы технологиялық көмек секілді қызмет түрлері кіреді. Аталмыш қызметтерді алу құқығы жарнасы төленген азаматтарға беріледі. Айта кету керек, көмелет жасынан толмаған балаларға, зейнеткерлерге, арнайы топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы, мүгедек баласы бар аналарға, ресми түрде тіркелген жұмыссыздарға, күндізгі бөлімде оқитын студенттерге тиісті жарна мемлекет тарапынан төленеді. Облыстық филиал бөлімінің басшысы С. Оңғардың айтуынша, жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылары үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна аударады. Жүйенің тиімділігі халық тегін қызмет көрсету бойынша қормен келісім шартқа отырған жеке не мемлекеттік клиникаларды таңдап ем қабылдауға мүмкіндік арта түседі. Жалпы, жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.
Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластыру қашанда оң нәтиже бермек. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет және жұмыс беруші де белсенді араласпақ. Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады.
Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру болмақ. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады, - дейді филиал директоры Гүлмира Қожаниязова.
Бақытгүл БОРАНБАЕВА