«I LOVE BAYGANIN»

«Жастар жылының» кезекті айтулы шарасы «I LOVE BAYGANIN» экспедициялық жобасы болмақ. Аталған жоба ЖРО ұсынысы бойынша аудандық әкімдіктің демеушілігімен мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында «Импульс Ақтөбе» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен өткізілді. Жобаның негізгі мақсаты ашық аспан астындағы мұражай саналатын ауданның табиғи тарихи ескерткіштерімен жастарды таныстыра отырып, өткенге көз жүгірту, сондай-ақ, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, танымын кеңейту болып табылады. «I LOVE BAYGANIN» экспедициялық жобасы барысында жастар екі топқа бөлініп, екі бағытқа сапар шегетін болады. Алғашқы топ қыркүйек айының он екінші жұлдызында ауданның солтүстігі мен солтүстік-батысына қарай бет түзеді. 15 адамнан құралған топ көлікке отыра сала ауданның құрылу тарихына шолу жасап, Қарауылкелді атауының шығу тарихына көз жүгіртті. Алдымен Қызыләскер жеріне, кейін Жаманжарлыға бет алды. Одан соң Темір ауданының Тасқопа (Теректі) ауылымен шектесетін Жалпақши жеріндегі тұзды сормен танысты. Аталға тұздың бір шеті Ойыл ауданынан ағып келетін «Ащы Ойыл» өзенінің жалғасы деседі. Сондай-ақ, осы маңда халық арасында Қалкен ата аталып кеткен кісінің емдік тұзы бар көрінеді.
Сорға жақын маңда Ойыл ауданының Ш. Берсеев ауылымен шекаралас «Күміс төбе» орналасқан. Төбе халық арасындағы атауын алыстан күн сәулесімен шағылыса көзге түсетін күміс түсті жусандары үшін алған екен. «Күміс төбенің» етегі бұрындары көл болған деген де болжам бар. Кейіннен суы тартылып, төбе мал жаюға ыңғайлы орынға айналған. Жаман Жарлы жеріндегі кезекті
тарихи орын Адай руының Мұңал қауымы жатқан бейіт. Мұнда қираған мешіт-медресенің қабырғаларын, терезелерін де анық көруге болады. Биіктігі 4 метрлік құлыптас қойылған бейітті байқамау мүмкін емес. Экпедиция жетекшісі Алмагүл Жексенбаеваның айтуынша, құлыптастардың қашан орнатылғаны, қай жерден әкелінгені белгісіз дейді. Жанында жатқан бесіктастар да осы алып құлыптас іспеттес. Топ мүшелері қирандылар арасынан құлап жатқан шамамен 5 метрге жуық құлыптасты да байқады. Ондағы таңбалар сырына қызығушылық танытқан оқушылар суретке түсіріп, келесі кездескен құлыптастармен салыстыруға тырысты. Жалпы Жаман Жарлы елдімекенінен екімыңыншы жылдары ел үдере көшті. Жұрттағы жиырма жылға жуық уақыт ішінде бір кездері қазан асылып, қой бағылып, бала-шаға шулап, ел қонған ауылдың саманнан салынған үйлерінің қиранды қабырғалары ғана қалған.
Арнайы топ бет алған келесі киелі мекен «Сырым моласы» болды. Бұл орын ертеректе керуен жолы болған. Ал мұнда жатқан адамның нақты шыққан тегі белгісіз күйінде қалған. Тек халық арасында ауыздан-ауызға тарап Сырым есімі ғана сақталған. Одан әрі діни ағартушы Абдолла Хазіреттің медресесінің орынына қойылған белгіге соғып, тарихымен таныстық. Ағартушы 1855-1919 жылдар аралығында өмір сүрген. Бұқарадағы медреседе білім алған ол Шибұлақ жеріндегі 150 ден астам үйдің балаларына мектеп салып, білім берген. Кейіннен Абдолла Хазіретке жергілікті тұрғындар Самарқанттың көк тасынан көк күмбезді мешіт тұрғызып береді. Мешіт содан бері халық арасында «Көкмешіт» аталып кеткен. Мешіт жанында шығыс шайырларының жинақтары бар үлкен кітапхана да болған деседі. Бірақ кеңестік кезеңнің ызғары мұнда да жетіп, мешіттің де кітапхананың да орынын тып-типыл етеді. Алайда, Хазірет аты тарих бетінен біржола жойылмады. Бүгінде мешіт
орынына арнайы белгі қойылған. Тіпті сол жердегі құдық та тайыздан шыққан тұп-тұщы суымен өткен-кеткен жолаушының шөлін қандырып тұр. Абдолла Хазірет жерленген үлкен қорымда Ақтан керейдің де бейіті бар. Тәу ете келген ұрпақтары үшін арнайы қонақ үйлері тұрғызылып, керек-жарақпен қамтылған. Сапарға шыққан жастар үшін келесі аялдама Едіге жалы болды. Ғалымдар 1869 жылғы карта негізінде осы орынды тауып, ондағы тастарды зерттеуге береді. Зерттеулер нәтижесінде тастардың сол заманға тиесілі екендігі анықталып, 2016 жылы Ер Едігенің асыл сүйегі жатыр делінген тас белгі орнатылады. Жергілікті тұрғындардың әңгімесі де болжамды растай түседі. Бұрынырақта бұл жер Хиуа, Бұқар жерлерін жалғайтын керуен жолы болған деседі. Алдағы уақытта бұл жерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмек. Ал экспедицияның келесі бөлімі 3 күнге созылмақ. Сейсенбі күні кештетіп жолға шыққан топ Тірітам, Бірсағыр, Қоссағыр, Күлдірдің тақыры, Ақбота Сәңкібай, Миялы, Оймауыт, Дияр, Желтау, Асау барақ, Асмантай, Матай, Доңызтау, Тас астау, Сүлікті, Ащы айрық, Тұщы айрық, Жылбысқы, Шағырай, Тасқабақ, Бөсбай, Есенбай ата, Асан қожа, Әсіреп-Мүсіреп қорымы, Сүндет тамы, Қарасақал, Дәумішар, Қаражар, Қызылжар, Ақбұлақ, Жарқамыс, Кәдіркүл бұлағы, Кемерши, Ермағанбет Ишан мешіті сынды тарихы мол жерлерді аралайтын болады. Аудандық ЖРО басшысы Сая Сағынғалидың айтуынша экспедиция жалпы 80 адамды қамтымақ. Ал жоба туралы алдын ала әлеуметтік желілерде хабарланған. Ауданның тарихи табиғи жерлерін аралау туралы идея көпшіліктен ерекше қолдау тапты. Өткенін білмейтін жастың болашақта өз елінің патриоты болуы мүмкін емес нәрсе. Ал облыстағы атын «Аспан астындағы мұражай» деп алған киелі өңірдің жастары үшін өз жерінің тарихын білмеу әсте дұрыс болмас. Бір өкініштісі, әр қыры мен жазығы, төбесі мен сайы тарих құпиясын жасырған жеріміздің зерттеушісінің аздығы. Заман ағымынан қалмаймыз деп бір кездері зәулім ғимарат тұрғызылатын орынның бүгіні мен өткенінде нендей сыр жатқанын білмей кетуіміз де мүмкін ғой.
Арайлым ҚАСЫМ