«АҚТӨБЕ» ГАЗЕТІНЕ 95 ЖЫЛ!

Өңір оқырмандары саяси - қоғамдық басылым дегенде «Ақтөбе» газетін тілге тиек етеді. Басылым алғаш рет 1924 жылы «Кедей» атауымен жарық көреді. Кейіннен газет атауы «Алға», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» сияқты бірнеше атаумен басылады. Қазіргі «Ақтөбе» атауын 1990 жылы алған газеттің өз оқырмандарын жаңалықтармен қуантып келе жатқанына 95 жыл толып отыр. Ұжым ғасырға жуық мерейтойының алғашқы кешін перзенттерінің газетке қарымды қаламының ұшы тиіп, салмақты ойлары басылған кіші Жазушылар Одағы «Жем – Сағыз» өңірінен бастағанды жөн деп тауыпты.
«Ауылым — алтын бесігім» атауымен ұйымдастырылған мерейтой барысында ауданға қырыққа жуық делегат келіп төрт бағыт бойынша түрлі шарлар өткізді. Ауданға ат басын бұрған азаматтар алдымен аудандағы әлеуметтік, өндірістік және мәдени нысандарды аралап ондағы жұмыспен танысты. Қыркүйекте ғана ашылған №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясынан басталған жүздесу құрылғанына жарты ғасыр толған Қарауылкелді орта мектебінде, одан әрі шығармашылық, оңалту және жастар ресурстық орталықтарында жалғасты. Қонақтар жаңа заман талабына сай жабдықталған «Толағай» балалар ойын және спорт алаңына барып, ақын-жазушылар аллеясындағы кітап көрмесімен танысты. Киелі топырақта туылған Бармақ батыр, Ұлы Отан соғысының ардагері Елтоқ Сәрсенбаев, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтардың рухына тағзым етіп, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюды да естен шығармады. Одан соң, мешітке барып марқұм болғандардың аруағына арнап құран бағыштады. Делегаттардың бір бөлігі аудандық әкімдіктің жиын залында облыстық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысын өткізді. ҚР бейбітшілік және келісім қоғамдық бірлестігінің облыстық ұйымының төрағасы Келдібай Еспағамбетов төрағалық еткен жиында аудан әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай «Ауданның ауылшаруашылық саласы және экологиялық ахуалы» туралы баяндама оқыды. Баяндама кеңесте кеңінен талқыланып, мәселені шешу жолдары туралы ойлар тыңдалды.
Бұл уақытта қонақтардың бір тобы Т. Жармағанбетов атындағы орта мектептің жиын залында «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасының ұйымдастыруымен кәсіпкерлерге арналған шеберлік класын өткізді. Жиын барысында облыстық ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорының директоры Гүлжанат Ерғазина кәсіпкерлікті дамыту, қаржылай қолдау және кепілдеме турасында сөз қозғады. Жас кәсіпкерлер сауалдарын жолдап, бірқатар идеяларды ортаға салды.
Ал денсаулық сақтау саласы бойынша облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімов, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, кардиология саласының қайраткері, жерлесіміз Бекболат Жолдин, БҚМУ жұқпалы аурулар кафедрасының доценті Мейрамбек Құрманғазиндер бастаған білікті дәрігерлер келді. Аудандық ауруханада таңертеңнен бастап тұрғындарға тегін тексерістер жүргізіп, кеңестер берді.
Мерекелік шараның негізгі бөлігі аудандық мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Мәдениет үйі фойесінде газеттің ескі тігінділері, басқа да жәдігерлер қойылған «Ақтөбе газетіне — 95 жыл» көрмесі көрсетілді. Дәл осы жерде «Қазпочта» операторлары мерзімді басылымға жазылу жұмыстарын жүргізді. «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына және Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына арналған шара «Ауылым алтын бесігім» атты салтанатты кешке ұласты. Орал-Қосай Байсеңгір тізгіндеген кеште облыстық филармонияның өнер ұжымы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы, күйші-домбырашы Жайлау Асылханов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ән мен күйден шашу шашса, «Аққу» би ансамблінің бишілері мың бұрала билеп концерттің көркін ашты. Сонымен қатар, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сөз алып, құшақ жая қарсы алған байғаниндіктерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, ҚР «Бейбітшілік және келісім» қоғамдық бірлестігі облыстық ұйымының төрағасы Келдібай Еспағанбетов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, ұзақ жылдар облыстық кәсіподақтар кеңесін басқарған Түрікпенбай Айжарықов, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Бекболат Жолдин, облыстық денсаулық сақтау кәсіподағының төрайымы Лаура Жазықова, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, құрметті журналист Жақсылық Айжановсынды өз ісінің майталмандары Байғанин өңірінен шығып, түрлі салада жемісті еңбек еткен 8 тұлғаның атындағы сыйлықты иелеріне табыс етті. Атап айтқанда, «Нұржан» ШҚ басшысы Мәди Ермеков Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Сұлтан Аманғосов атындағы, ҚОМ мұғалімі Асылбек Сәуірбаев ұстаз Нұрман Қорбин атындағы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әсет Жеткізгенов қоғам қайраткері Мәжит Тәжіғұлов атындағы, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Серікбай Әділханов ғалым, дәрігер Қуандық Дүйсенов атындағы, Қ. Жазықов ОМ директоры Флюра Қазиева партия, комсомол ардагері Қарлыға Баймағанбетова атындағы, Т. Жармағанбетов ОМ мұғалімі Ардақ Молыбаева қаламгер Тобық Жармағанбетов атындағы, журналистика ардагері Тұрлыбай Құлынбаев ақын Есенбай Дүйсенбаев атындағы, «Жем – Сағыз» газетінің тілшісі Арайлым Қасым журналист Ибадолла Сұлтанов атындағы сыйлықтарға ие болды. Газет оқырмандары да сыйдан құр қалған жоқ. 95 жастағы аудан тұрғыны Қасым Аққожаш «Үздік жазылушы» номинациясы бойынша марапатталды. Бөрібай Сисен мен Қанат Қойшығұлова да осы қатардан көрінді. Ал тоғыз жарым минутта тоқсан бес адамды газетке жазып үлгерген «Қазпочтаның» аудандық филиалы белсенділік танытқан Наргүл Жуканова, Жадыра Ермекбаева, Күләнда Күзенбаеваларға сый-сияпаттарын табыс етті. Сондай-ақ, білім саласының ардагері Шәріп Адаев «Білім және ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, статистика саласының ардагері Ибадолла Қоштанбеков Ауған соғысы ардагерлерінің бірлестігінің «Сауап» медалімен, №4 Қарауылкелді мектеп-гимназиясының мұғалімі Салтанат Өтеталиева мен Ақтан жырау негізгі мектебінің мұғалімі Нұрзипа Мұрынбаева облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, серіктестік директоры Раукен Отыншин Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектепте ұзақ жылдар қызмет еткен, ардагер ұстаз Ақжарқын Отароваға «Мерке» санаториіне демалуға тегін сертификат беріп, кешті тізгіндеген Орал- Қосай Байсеңгірге ҚР Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылдау туралы куәлікті табыстады. «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусин жастарға арналған сыйлығын да осы салтанатты кеште табыстады.
Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Тек инновация мен жаппай цифрландыру заманында оқырман мен газет арасы бұрынғыдан едәуір алшақтағаны жасырын емес. «Ақтөбе Медиа» ЖШС-нің бұқара мен БАҚ арасын жақындату мақсатында өткізілетін дәстүрлі кездесулерінің жемісі дәл осы кештегі оқырманның ыстық ықыласы десек қателеспеспіз. Құрамында екі бірдей облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің басшылары, қызметкерлері, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, білім, медицина, мәдениет саласының өкілдері, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы бар қырыққа жуық өкілдің ғасырға жуық мерейтойын киелі «Жем – Сағыз» өңірінен бастауы да осындағы оқырман деңгейінің биіктігі, көзінің ашық, көкірегінің ояулығы болса керек.
Арайлым ҚАСЫМ