Мақала мемлекеттік қызмет - халық алдындағы жауапты міндет

Мемлекеттік қызмет – халық алдындағы жауапты міндет
Мемлекеттік қызметші – халық пен қоғам арасын жалғастырып отырған алтын көпір болса, халыққа, жалпы қоғамға сапалы қызмет көрсету әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы. Мемлекет басшысы бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге үлкен сенім артып, тың міндеттер жүктеп отыр. Бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталып, қазіргі уақытта жүзеге асырылуы қарқынды жүргізілуде.
Президентіміз Қ.К.Тоқаев өзінің үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін. Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді» деп атап көрсеткен болатын.
Президент Жарлығымен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі - мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері болып екіге бөлінді.
Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады. Міне, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң осындай ұстанымдарға негізделсе, оның өзі халықаралық стандарттарға бағдарланған.
Жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамамен өзара байланыста және сонымен қатарласа қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің негізгі шеңберлерін және мемлекетті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша одан арғы іс-қимылдардың рет-тәртібін айқындайды.
Біріншіден, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мансаптық сатының әр баспал­­­дағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады.
Жаңа заңға бірқатар қағидатты нормалар енгізілген.
Мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады.
Жұмыс тәжірибесі мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мұнда да тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жекелеген мемлекеттік қызметшілер ротацияларының мүмкіндігі көлбеуінен және тігінен оларды қызметтік баспанамен қамтамасыз ете отырып қарастырылған.
Екіншіден, мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар және шетелдік менеджерлер тартыла алады.
Үшіншіден, мемлекеттік қызмет­­шіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйе­сі оның біліктілігі мен атқа­ратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заң тұрғысынан бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу мүмкіндігі де қарастырылуда. Өткен жылы «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жоғарылағандығын айта кету керек.
Төртіншіден, заңда саяси мем­лекеттік қызметшілер ауысқан кезде мемлекеттік аппараттың автономдығы мен тұрақтылығы қағидаты нақты жазылған. Министрлер мен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері егжей-тегжейлі дәлдеп ажыратылған.
Бесіншіден, шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағ­дайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылған. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа әдеп кодексі жасалды. Сондай-ақ, жаңа институт – әдеп жөніндегі уәкілдер институты құрылды. Олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
Облыста Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін дербес негізде облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Омарова Ризагүл Мырзағалиқызы атқарады. Азаматтарды қабылдау күндері әр аптаның бейсенбі күні сағат 14.00 - 18.00 аралығында, облыс әкімі аппаратының ғимаратында, 117 «А» бөлмесінде жүргізіледі. Телефоны 93-20-72.
Ал аудан бойынша әдеп жөніндегі уәкіл қызметін атқару аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің (кадр қызметі) басшысы Қошанов Оразбай Нұржанұлына қосымша жұмыс ретінде жүктелген. Азаматтарды қабылдау күндері аптаның сәрсенбі, жұма күндері сағат 14.00 – 17.00 аралығында аудан әкімі аппараты ғимаратының 211 бөлмесінде және әр айдың екінші аптасының бейсенбісі күні сағат 15.00 – 17.00 аралығында «Нұр Отан» партиясының ғимаратында жүргізіледі. Телефоны 22-568.
Алтыншыдан, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның маңызды қыры оның арқаулық нормаларының құқық қорғау органдарына да қатысты болатынымен байланысты. Бұл жерде құқық қорғау орган­дарындағы қызметтің ерекшелігі қол­даныстағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңда ескерілген.
Қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен сиретпей міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітілді.
Мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәлімгерлер бекіту нормасы қарастырылған.
Сондай-ақ, тәлімгерлерді бекіту тәртібі Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы №21 «Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттарын және тәлімгерлерді белгілеудің тәртібін бекіту туралы» бұйрығымен реттелген.
Тәлімгерлік – мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерді қызметтік міндеттерін өз бетінше орындауға бейімдеу мен кәсіби дайындау үрдісі болып табылады, ал тәлімгер - қызметшіге бекітілген, оның кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші.
Тәлімгерлердің қызметін үйлестіру, персоналдың кәсіби деңгейін және оның сабақтастығын нығайту мақсатында аудан әкімі аппаратында тәлімгерлер кеңесі құрылды.
Сонымен қатар мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамасын ұйымдастыру мен өту тәртібі айқындалды.
Тағылымдама - мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардың тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде тиісті салада кәсіби білім мен тәжірибе алуға арналған қызметі.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік қызметті жаңғыртудың негізгі қырлары осындай.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ауданның атқарушы органдары болып табылатын 9 ауылдық округтің әкімі аппараттарында, 13 аудандық бөлімдерде және аудан әкімі аппаратында қазіргі таңда аудан әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметіне (кадр қызметі) қарайтын 123 мемлекеттік қызметшінің штат бірлігі бар.
Жыл басынан бері мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған 4 қызметшіге тәлімгер бекітілді, 5 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерізімі белгіленді, қайта даярлау курсынан 6, біліктілігін арттыру курсынан 17 қызметші өтті. 2017 жылдан бері 47 мемлекеттік қызметші, оның ішінде 25 қызметші аудандық, 22 қызметші облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік секторда тағылымдамалардан өтті.
Бос орындарға конкурстар өткізу қағида талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда, жыл басынан бері 36 үміткер қатысқан 18 конкурс өткізілді. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін бағалау жыл соңында жүзеге асырылады.
Яғни жаңа заңдар аясында кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытындағы жұмыстар өз мәнінде жүргізіліп отыр деуге толық негіз бар. Мемлекеттік қызмет саласындағы ақпараттарға, жұмыстарға қызығушылық танытатын аудан тұрғындарына аудан, облыс әкімдігінің және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «baiganin.aktobe.gov.kz», «aktobe.gov.kz», «qyzmet.gov.kz» сайттарын қарауды ұсынамыз.
Аудан әкімі аппаратының персоналды
басқару қызметі (кадр қызметі)
құрылымдық бөлімшесінің басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл: О.Қошанов
13.11.2019 ж.